«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа». Той үстінде отқа табынып, денесін аластаған қазақ келіні жұрттың сынына қалды. Осынау сәтті сол тойға келушілердің бірі телефон камерасына түсіріп алған.
Үйлену тойының қай өңірде болғаны белгісіз. Дегенмен желі қолданушыларының бірі мұны Қазақстанның батыс облыстарында жасалатын ырым екенін жазды.
Видеокадрлардан көргеніміздей, той үстінде жаңа келінді абысындары арнайы табаққа жағылған оттың қасына әкеледі. Әлгі жанып жатқан отқа табынып, бетін сипайды. Ары қарай жеңгелері тұрмысқа шығып жатқан қыздың барлық жерін отпен аластап шыққан.
Айта кетсек, қазақ халқында босағаны жаңа аттаған келінге отқа май құйғызу салты бұрыннан бар. Бұл ырым от пен майға табыну үшін емес, ата-баба дәстүріне құрмет көрсету ретінде орындалады. Яғни, қазақы танымда жаңа түскен келінге «Шырағың сөнбесін», «Осы шаңыраққа судай сіңіп, тастай бат» деген игі тілекпен отқа май құйғызған.