23.06.2018, 09:51

Алматыда өрт сөндірушілер ант қабылдады

Алматыда өрт сөндіруші-құтқарушылар қызметіне жаңадан қабылданғандар ант қабылдады.

Əскери қызметке жаңадан алынғандардың ант қабылдау рəсімі қаланың нөмірі № 5 өрт сөндіру бөлімінің алдында өтті.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, Ант қабылдайтын алаңның таңдалуында үлкен мəн жатыр. Дəл осы жерде қызметтік міндетін орындау кезінде құрбан болған өрт сөндірушілерге ескерткіш қойылған.

«Өрт сөндіру қызметі- шыдамдылықты,  адалдық пен әділеттілік және ерлікті талап ететін азаматтық борыш. Адам өмірін құтқару – бұл өте жауапты және өте құрметті жұмыс, жоғары біліктілік, бастамашылық, өзіне берілгендік пен батылдықты қажет етеді. Сіздер өз өмірлеріңізге қауіп төндіре отырып, басқа адамдарды құтқарасыздар және жауапты жағдайларда қиын шешімдер қабылдайсыздар»-деп Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Серік Әубәкіров жас қызметкерлерді  ант қабылдау рәсімімен құттықтады.

Биыл Алматы гарнизонының 55 жас қызметкері ант қабылдады. Мемлекеттің игілігі үшін əскери борышын адал өтеуге үндейтін Ант мəтінін мақтанышпен оқып, олардың жауапкершілікті сезінгені байқалып тұрды.

Азаматтық қорғау ардагерлерінің атынан Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің ардагерлер Кеңесінің Төрағасы Амантай Малғаждаров сөз сөйледі. Ол анттың бастама рәсімінің бір түрі екенін еске түсірді. Отанға адал қызмет етуге берілген ант азаматтық қорғау шенімен  қоса иыққа ауыр жүк артқанымен, Отан алдындағы адалдық жастарға қиын, бірақ абыройлы міндеттер қояды деп жас өрт сөндіруші-құтқарушыларға өз тілегін айтты. «Ант - Отан алдындағы адал сөз. Погоннан бөлек иықтағы үлкен жүк, Отанға құрметті міндет тұр» деді Амантай Малғождаров.

Іс-шараға өрт сөндіру қызметінің ардагерлері, Алматы қаласының ТЖД қызметкерлері, Алматы қаласының өрт сөндіру Қызметі, сондай-ақ,  шақырылған қонақтар қатысты.

Ант қабылдау орны кездейсоқ таңдалмаған. Салтанатты шара өткен Алматы қаласының  Төтенше жағдайлар департаментінің «ӨС және АҚЖҚ» мемлекеттік мекемесінің № 5 өрт сөндіру бөлімшесі аумағында өз міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған өрт сөндірушілерге арнап ескертіш орнатылған.

Мерекелік шараның бір бөлігінде  дәстүр бойынша сапқа тұрып қаза болған жауынгерлерді еске алып,  ескертішке гүл шоқтары қойылды.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ