Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде жұмысшылар шу шығарды. Олардың айтуынша, жиырмаға жуық адамды университет басшылары жалдап, ғимаратты жөндеткен. Бірақ он айдан бері ақшаларын төлемей қашып жүр деп мәлімдеді КТК телеарнасы. Ал, университет ректоры болса оларды танымаймын деп ат-тоңын ала қашып отыр. Сондықтан бір тиын ұстатпайтынын айтады.
Бір жыл бойы еркін кірген білім ошағына енді жұмысшылар жолай алмай жүр. Ректор отыратын ғимарат пен университеттегі сауна және би залындағы жөндеу аяқталған соң бізді қуып шықты дейді наразы топ. Қолдарына бір тиын ұстатпапты. Еңбек ақыларын даулап келген оларды бүгін де табалдырықтан аттапай қойды.
Жұмысшылардың сөзінше, оларға университеттің қарызы 16 миллион теңгеге жеткен. Бірақ құжат жүзінде ешбірімен келісім-шарт жасамапты. Ректордың өзі жалақыларын даулап келгендермен жүздесуден бас тартты. Керсінше, оларды сотқа беремін деп отыр. Ал білім ордасының басшыларына арналған саунаға жөндеу жасамақ тұрмақ, ондай демалыс орны атымен жоқ дегенді айтады.
"Мен сотқа беремін. Бұл менің жеке басыма және университет беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл сауна ашып ойын-сауық жасайтын жер емес", - дейді Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.
Ең қызығы, ректор қанша ақталғанымен, университетте басшыларға арналған сауна бар болып шықты. Жұмысшылар оны жөндеп қана қоймай, бастықтардың әр қыдырысынан кейін тазартып қоюға мәжбүр болған.
Жөндеу жүргізілген университет бөлмелерін көруге ректор рұқсат бергенімен, неге екені белгісіз сауна жаққа баруға тыйым салды. Ал ақшаларын даулаған жұмысшылар еңбек инспекциясы мен прокуратураға арызданбақшы. Сондай-ақ тендерсіз жөндеу жүргізе беретін мемлекеттік мекемені толық тексеруден өткізу керектігін айтады.