08.06.2018, 11:39

ОҚО-да дін мен дәстүр үйлесім тапқан жиын өтті

Дін мен дәстүр егіз ұғымдар, екеуін бір-бірінен бөліп-жарып қарауға еш болмайды. Өйткені, қазақтың дәстүрінің өзі тұнып тұрған ислам деп айта аламыз. Дінде кездесетін барлық шарттар, тыйымдар, жоралғылар қазақтың дәстүрінде тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.

Өкінішке қарай, осы дәстүрлі исламнан бас тартып, радикалды ағымдарға еріп кеткен қазақстандықтардың қатары артып барады. Әсіресе, салафилік ағымның етегінен ұстағандар саны көп. Олар ұлттың дәстүрін де, биліктің құрылымын да, елдің конституциясын да мойындамайтынымен қауіпті. Тіпті, соңғы жылдары Қазақстан қалаларында болған бірнеше терактінің артында да осы салафилік ағым ұстанушыларының тұрғаны белгілі болып отыр.

Ештен кеш жақсы дейді атам қазақ. Яғни, терең тамыр жайғанына қарамастан қазіргі таңда ел билігі қоғаммен бірлесе отырып, осы дәстүрлі емес діни ағымдармен күресті күшейтіп отыр. Өңірлердің бәрінде ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, ауыл-аймақтың бәрін аралауда. Мақсат – халықтың діни сауатын ашу, деструктивті ағымдардың таралуына жол бермеу және алдын алу, радикалды ағымдарға өтіп кеткен қазақ жастарын кері қайтару.

Мұсылман болу әсте-әсте демекші, бұл жұмыстар да өз пайдасын біртіндеп беріп келеді. Онысы түсінікті де. Өйткені, дін мәселесі өте нәзік әрі күрделі. Оны әр адамның қабылдауы әрқалай. Сондықтан да, мамандар асығыстық танытпай, бір аудиториямен бірнеше кездесу өткізіп, халықтың санасына дәстүрлі емес исламның зияны туралы ақпараттар құюда.

Бұл дін саласында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да жер-жерде дін мен дәстүрді сабақтастырған шаралар көптеп ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысының орталығында өтті. «Рухани жаңғыру: Дін мен дәстүр үйлесімі және ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбындағы жиынға ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевпен бірге қала әкімі, облыстық мәслихат депуттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, сондай-ақ саяси партиялардың жетекшілері және дін қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – дін мен дәстүр тақырыбында ашық пікір алмасу, ұсыныстар айту.

Аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы іс-шараға жиналған көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, тақырып аясында ойын ортаға салды.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыруды - «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр¬намасы» деп атап көрсетті.  Дін де, дәстүр де қоғам да тыныштық пен татулықтың, бірлік-ынтымақ пен сыйластықтың салтанат құруына қызмет етеді. Қазақы санадағы «ұят», «обал», «сауап», «құт», «кие», «аманат», «ынсап» секілді іргелі ұғымдар ұлттық тәрбиемізде алтын тіндей үзілмей, ғасырлар бойында жалғасып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары асыл дінді ұлттық дәстүрмен үйлестіре ұстанудың маңызы арта түсуде», - деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, келелі кездесуде өңір басшысы қазіргі таңда дін мен дәстүр сабақтастығы артып, той-томалақ пен діни рәсімдерде ысырапқа жол бермеуге көңіл бөлініп жатқандығын жеткізді.

«Мешіттер белгіленген тәртіппен салынып, жаназа рәсіміндегі жөнсіз әрекеттер де бір ізге келтірілуде. Жер-жерлерде «Ақылдастар алқасы» құрылып сөзі өтімді, беделді азаматтардың қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, оң істі қолдаушылар көбейіп жатыр. Мұның бәрі ілгерілеудің, қоғамда дұрыс діни сана қалыптаса бастағандығының көріністері», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сонымен қатар, облыс әкімі жастарға соқыр сенімге салынып сыңаржақ кетіп қалмай, ғылым мен өнерге, мәдениет пен өркениетке қарай ұмтылатын кезең екендігін қадап айтты. 

Жиын барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкіл имамы Б.Бейсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, ардагер Р.Халмұрадов, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры О.Аяшов, Созақ ауданының «Құрметті азаматы» С.Тұрысбеков, С.Ибрагимов сынды азаматтар тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, ұсыныстар айтты.