22.06.2018, 06:11

Дін істері министрлігі: «Бетін бүркеп жүру біздің мәдениетімізге де, тарихымызға да жат»

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта еліміздегі діни ахуал алаңдататын жағдайға жетті. Осыдан бірер жыл бұрын Алматы мен Ақтөбеде болған терактілерді айтпаған күннің өзінде, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінен ұстап кеткен қазақстандықтардың қатары артып келеді. Оған бір ғана хиджаб киген оқушылардың проблемасын дәлел ретінде алсақ та жетіп жатыр. Жыл сайын еліміздің батыс өңірлерінде мектеп ережелеріне бағынбай, сабаққа орамалмен келетін кішкентай қыздардың саны артпаса кемитін түрі жоқ. Бұл проблема Қазақстанның өзге де облыстарында кездесіп жатады.

Бірақ, бұл елдегі діни ахуал өршіп тұр дегенді білдірмейді. Үкімет пен қоғамдық ұйымдар жат ағымдардан келетін зауалдың алдын алу мақсатында айтарлықтай еңбек етіп жатыр. Теологтар мен имам-молдалардан және өзге де дін мамандарынан құралған арнайы жұмыс топтары Қазақстанның бүкіл өңірлерін аралап, ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мақсат – жастарды деструктивті ағымдардан сақтап қалу. Сондай-ақ, салафизм сынды дәстүрлі емес ағымға өтіп кеткен азаматтарды дәстүрлі ислам жолына салу.

Бұл жұмыс топтарынан бөлек республиканың барлық облысы мен Алматы және Астанада Дін істері басқармалары және сол басқармалардың жанынан Дін мәселелерін зерттеу орталықтары да құрылып, халықпен тығыз жұмыс істесіп жатыр. Сол орталықтардың бірі Талдықорғанда орналасқан. Күні кеше мұнда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев келіп, Алматы облысындағы діни ахуал жайында жиын өткізді.

Талдықорғандағы Дін істері басқармасының жанынан бүгінде Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы және Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталықтары жұмыс істеп келеді. Дархан Қалетаев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов алдымен осы орталықтардың жұмысымен танысып, қызметкерлерінің талап-тілектерін және ұсыныстарын тыңдарп көрді.

Министрді орталық жұмыстарымен Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Рахмет Есдәулетов таныстырып, облыстағы діни ахуал тұрақты екенін атап өтті.

Мұнан соң Д. Кәлетаев ҚМДБ-ның Алматы облысындағы өкілдерімен жиын өткізді.

Алдымен облыс әкімі Амандық Баталов сөз алып, өңірде дін саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның айтуынша, облыстық дін істері басқармасы мен қарауындағы орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін басқарма бюджеті 310 млн. теңгеге жеткізілген.

Министр өңірдегі конфессияаралық тұрақтылық пен келісімді сақтауда атқарылған жұмыстарға оң баға бере келе, имамдардың білімін жетілдіру мен кадрлық мәселелерді шешуге назар аудару керектігін атап өтті. Қазіргі кезде облыстағы 438 мешітте 533 имам жұмыс істейді, оның 154-інің жоғары білімі бар, 88-і медресе бітірген, 219-ы арнайы оқыту курстарынан өткен, 71 имам – орта білімді.

- Бұл бағытта облыста жақсы нәтиже бар. Жұмыс бар жерде мәселе туындауы заңдылық. Сіздерде 11 вакансия бар, осы кадрлық мәселені шешу керек. Әрбір мешітте имам болуына қол жеткізуге тиіспіз, - деді Д. Кәлетаев.

Жиын барысында мектептегі орамал тағатын оқушылар, бетін бүркеп жауып жүретіндер туралы сауалдар қойылды. Дархан Кәлетаев діни қызмет туралы заң жобасына енгізілген ұсыныстар мен өзгерістерге тоқталып, мектептің бірыңғай формасын кию талабын барлық оқушы сақтауы тиіс екенін айтты. Сонымен қатар министр бетін бүркеп жүру біздің мәдениетімізге де, тарихымызға да жат екенін тілге тиек етті.

ҚМДБ-ның Талдықорған және Алматы өңірлеріндегі уәкілетті өкілдері Ардақ Оразбаев пен Қуаныш Наржанов та сөз алып бүгінгі пікіралмасудың және көтерілген мәселелер мен қойылған сауалдардың маңыздылығын атап өтті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов министрге облысқа келген сапары мен берген бағасы үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта кадр мәселесін шешуді қадағалауына алатынын жеткізді.

Мұнан соң министр облыс орталығының көрнекті жерлерін аралап, «Иман» мешітінде, Қаратал жағалауында болды.

Атап өтсек, ертең Дархан Кәлетаев «ASAR» ҮЕҰ – бизнес – мемлекет үш жақты ынтымақтастық ІІ республикалық форумының жұмысына қатысады.