13.06.2018, 04:10

Қазақстан Орталық Азия елдерінің жастар кеңесін құру бастамасын ұсынды

Енді экстремизммен және терроризммен күресуге қазақстандық және Орта Азия елдерінің жастары атсалысуы мүмкін. Мұндай ұсынысты ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов күні кеше Ташкентте өткен жиында айтты.

Еске салайық, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 11-12 маусым күндері «Экстремизмге күштеу және терроризмге әкелетін радикалдауға қарсы іс-қимыл және алдын алуда жастардың рөлі туралы» тақырыбында халықаралық уонференция өткен болатын. Шараны Өзбекстандағы ЕҚЫҰ Жобаларының үйлестірушісі, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Сенаты және Біріккен Ұлттар Ұйымы ұйымдастырған. Конференцияға халықаралық ұйымдардың басшылары, Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдарының және ҮЕҰ өкілдері, сарапшылар қатысты.

Екі күнге созылған басқосуда Орта Азиядағы діни ахуал, терроризм қаупі, дәстүрлі исламды насихаттау және дамыту, аймақтағы қауіпсіздік және жастардың діни-саяси білімін жетілдіру сынды маңызды мәселелер талқыланды.

Қазақстан тарапының атынан сөйлеген вице-министр Абзал Нүкенов осынау жиында баяндама оқып, Орталық Азия елдерінің жастар кеңесін құру мәселесін көтерді. Иә, жастар экстремизммен күресуі қажет, бірақ қолдарына қару алып емес әрине, білім-ғылыммен, яғни саналы түрде.

Вице-министр Абзал Нүкенов сондай-ақ, «Экстремизмге және терроризмге күштеуге қарсы іс-қимылдағы мемлекет пен азаматтық қоғамның ынтымақтастығы» панельдік сессиясында сөз сөйледі және мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының өзіндік моделін қалыптастыру бойынша, Қазақстандағы жастардың дамуы мен әлеуметтенуіне жағдай жасау үшін жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтты.

«Біз жастарды жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Біздің мақсатымыз – жастарды қолжетімді біліммен, жұмыспен, сапалы бос уақыттарын сапалы өткізуді қамтамасыз ету. Осы бағытта тиісті кешенді жұмыс жүргізілуде», - деді А. Нүкенов.

Вице-министрдің пікірінше, экстремизмге қатысты ортақ проблемаларды жастардың кеңесін құру арқылы шешуге болады. Кеңес мүшелері ашық форматта пікір алмасып, тәжірибелерімен бөліседі және күрделенген діни ахуалды шешу үшін тың идеялар ұмсынатын болады. Қазақстан атынан жиында сөз сөйлеген Абзал Нүкенов осылай деді.

«Қазіргі таңда Орталық Азия кеңістігінде ынтымақтастықты дамыту және ортақ мәселелер бойынша бірігіп шешім қабылдауға жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Жұмысты жүйелі жүргізудің тиімді механизмдерінің бірі ретінде әріптестерге әртүрлі сала өкілдерінен құралатын жастарды қамтитын Ортаазиялық аймақ елдерінің Жастар кеңесін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Кеңес аясында біз өзекті мәселелерді, оның ішінде экстремизмнің және терроризмнің алдын алу мәселелерін талқылай алатын едік», - деді вице-министр.

Қатысушылар жастар арасында экстремизмге және терроризмге әкелетін радикалданудың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша кешенді тәсілдерді талқылап, діни радикализмге қарсы күресте жастардың әлеуетін тиімді пайдалану жөнінде Орталық Азия елдеріне арналған ұсынымдар әзірледі.  

Сонымен қатар, конференция барысында Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің сенаты төрағасының орынбасары Садык Сафаев, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингер, БҰҰ Бас хатшысының жастар ісі жөніндегі уәкілі Джаятма Викраманаяке, БҰҰ Контртеррористік басқарма директоры Жехангир Хан, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан, Өзбекстан Республикасы Президентінің жастар ісі жөніндегі мемлекеттік кеңесшісі, Өзбекстан жастарының одағы Орталық кеңесінің төрағасы Кахрамон Куранбаев сөз сөйледі.