07.06.2018, 15:17

Дін істері министрі ақтөбеліктермен кездесіп, хиджаб мәселесін талқылады

Ақтөбе облысы – Қазақстандағы дәстүрлі емес ислам ағымдарын ұстанушыларының ең көп шоғырланған өңірі ретінде танымал. Әсіресе, салафизм жетегінде кеткендер мұнда көптеп кездеседі. Соңғы 6 жылда облыс аумағында бір емес, бірнеше ірі лаңкестік оқиғалары да тіркелген болатын. Сондықтан, дәл осы Ақтөбеде теолог ғалымдар мен дін саласының мамандары алдын алу жұмыстарын қызу жүргізіп келеді.

Салафизм ұстанушыларының қатары көп болғандықтан да өңірдегі мектептерде әр жаңа оқу жылында хиджаб мәселесі ушығады. «Діндар» ата-аналар оқушы қыздарын мектепке үзілді-кесілді орамалға оранып баруы керек десе, оқу орнының басшылары мектеп формасын кимеген оқушыларды мектеп табалдырығынан аттатпаймыз деп алдарына «көлденең жатып алады».

Бұл хиджаб проблемасының туындағаны бүгін немесе кеше емес, осымен бірнеше жыл қатарынан ата-аналар мен ұстаздар арасында дау туындап, сотқа дейін жетіп келеді. Сондықтан, Дін істері министрі Дархан Қалетаевтың өзі Ақтөбе облысына кезекті рет келіп, жергілікті халықпен арнайы кездесті. Министр мектеп оқушыларына не үшін хиджаб киюге болмайтынын және дін туралы заңда көрсетілгендей, әйелдерге беттерін бүркейтін киім киюге неліктен тыйым салынғанын түсіндіріп берді.

Облысқа жасаған сапары барысында Дархан Қалетаев алдымен облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Темір ауданына қарасты Кеңқияқ және Шұбарши ауылдарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Есте болса, дәл осы екі ауылда осыдан бірнеше жыл бұрын теракт болған еді. Жергілікті тұрғындарға министр діни саладағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын түсіндіріп, халықпен пікір алмасты.

«Бет-әлпетті – жабу қазақ халқына жат. Бұл тарихымызда да, мәдениетімізде де болмаған. Сондықтан әйелдердің бет-әлпетін жабуын заңды түрде тыйым салып отырмыз. Бұл тұрғыда қоғамда дұрыс пікір бар, көпшілігі қолдап отыр», - деді Дархан Қалетаев.

Сонымен қатар, Дін істері және азаматтық қоғам министрі мектепте орамал тағу мәселесіне орай өз пікірін білдіріп, мектептің талабын ұстану қажеттігін баса айтты.

Дархан Кәлетаевтың айтуынша, осындай талаппен қатар, альтернативті жолы да бар. Оның бірі – қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып үйде оқыту. Министр бұл мәселе бойынша Білім және ғылым министрімен пікірлесіп жатқанын және бұл бағытта жұмыстардың жалғасып жатқанын атады.

Ақтөбе өңіріне сапар барысында министр Темір ауданының орталығында аудан активімен және ардагерлер, теолог-имамдармен, сонымен қатар, аудандық терроризмге қарсы комиссия мүшелерімен кездесті.

Түстен кейін Дін істері және азаматтық қоғам министрі Алға ауданындағы Бестамақ ауылында болып, Ақтөбе облысындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарымен кездесті. Министр өз сөзінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға толықтырулар енгізу қажеттілігін уақыттың өзі көрсетіп отырғанын айтты.

«Кейбір топтардың осы заңнама жобасын «ислам дінінің мүдделеріне қайшы келеді, мұсылмандарға қарсы бағытталған» деген жалған мәлімет таратып жүргенін де жасыруға болмайды. Бұл мәліметтер мүлде негізсіз», - деп мәлідеді Д. Қалетаев.

Осы ретте, министр имамдарды заңнама жобасына барынша қолдау білдіріп, аталған заң жобасының пайдасын, артықшылықтарын халыққа толықтай түсіндіруге атсалысуға шақырды.

Дархан Қалетаев дін саласында имамдармен бірлесе атқаратын жұмыстың негізгі алты бағытына тоқталып өтті. Олар: теріс діни ағымдардың қызметіне тосқауыл қою; деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізетін имамдар мен теологтардың білімі мен білігін көтеру; діни экстремизм мен радикализм идеялары таралуының алдын алуға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тұрғындарды кеңінен қамту; жастардың бойында радикалдық идеяларға қарсы нөлдік иммунитетті қалыптастыру; мешіт имамдарының уағызын «Уағыз айтудың бірыңғай тәртібінде» бекітілген қағидат бойынша жүзеге асыру; «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесін» жетілдіру.

Дін істері министрі деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізетін имамдар мен теологтардың білімі мен білігін көтеруде Діни Басқарманың Ақтөбе облысындағы уәкілдігіне жергілікті имамдар мен теологтардың резервін қалыптастыруды ұсынды. Қалыптасқан резерв бойынша «Нұр-Мүбарак» университетіне біліктілікті көтеруге имамдар мен теологтар жіберіліп отыратын болады.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Темір ауданының орталығындағы «Досжан ишан» мешітінің және Алға ауданындағы «Ақтөбе медресе» колледжінің қызметтерімен танысты.

Осы ретте айта кету керек, үкіметтің есебі бойынша Қазақстанда деструктивті діни ағымдарға өтіп кеткен азаматтардың саны 15 мыңнан асып жығылады. Бұл тек есепке алынғандары ғана. Алынбағандарының саны одан бірнеше есе көп болуы да мүмкін. Осы дәстүрлі емес ислам ағымдарын ұстанушылардың дені Ақтөбе мен Атырау және Маңғыстау облыстарына шоғырланған.