01.06.2018, 14:28

«Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысын ҚР ДІАҚМ мен ҚХА бірге жүзеге асырады

Биыл 15 наурызда Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен «Көшбасшы бол» жобасы аясында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы өз жұмысын бастаған болатын. Қозғалыстың негізгі мақсаты – Президенттің – Ассамблея Төрағасының саясатын, ҚХА-ның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша қызметін қолдау үшін жастарды шоғырландыру. 

Ал, бүгін Қазақстан халқы ассамблеясы мен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі өзара келісімге келіп, аталған қозғалысты дамыту үшін ортақ жол картасын әзірледі. Екіжақты келісімге министрі Дархан Қалетаев пен ҚХА төрағасының орынбасары, ҚХА хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенко қол қойды.

«Ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Қазақстан халқы ассамблеясының» XXVI сессиясында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру Жолы жаңа жастар қозғалысы арқылы жастарды жаңғырту жолына жұмылдырып, маңызды жастар стартаптарын қолдау бағытындағы бірлескен жұмыстарды орындауды тапсырған болатын. Осы мақсатта Жол картасы әзірленді. Бұл «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отырған шаралардың бірі. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының күш-жігерін біріктіріп, жұмыс жасауға шақырамын» - деді Дархан Кәлетаев.

Өз кезегінде, Леонид Прокопенко «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысын Қазақстан халқы ассамблеясының аясында ғана емес, сонымен қатар, Қазақстандағы жалпы жастармен жұмысқа жұмылдыру қажеттігін айтты.

Жол картасы заңнаманы жетілдіру, бірлескен жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру, жастар саясатын қолдау бойынша талдау және ғылыми зерттеу  жұмыстарын  жүзеге асыру, жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты және ақпараттық жұмыстарды дамыту бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруды көздейді.

Үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы жұмысының таныстырылымы өтті. Таныстырылым барысында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының басшысы Максим Споткай жаңа ұйымның миссиясы жастарды Қазақстанның жаңғырту саясатына жұмылдыру болып табылатынын атап өтті.

«Қазіргі таңда елімізде саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғыру процестері жүріп жатыр. Осыған байланысты барлық саяси, экономикалық, қоғамдық күштердің бәрін де Мемлекет басшысының идеясының төңірегінде үйлестіру қажеттілігі туындап отыр. Сондықтан, біз Астана, Алматы мен Қазақстанның барлық өңірлеріндегі этномәдени бірлестіктердің жастары «Жаңғыру жолы» атты қозғалыс құрдық», - дейді Максим Споткай.

Сондай-ақ, кеңес барысында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Асхат Ораловтың «Жастарға мейірімді мекен» индикаторлар жүйесі аясында өңірлердің жастармен жұмыс істеуінің тиімділігін бағалауға арналған жаңа жүйе туралы есебі тыңдалды.