Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, халыққа дәстүрлі емес діни ағымдардың зауалы туралы айтып-түсіндіріп жүрген діни ақпараттық түсіндіру тобы Астанаға да келіп жетті. Теолог ғалымдар мен дінтанушылар және имам-молдалар қала базарлары мен спорт үйірмелеріне барып, ондағы жұртпен кездесулер ұйымдастырды.
Аталған орындардың таңдап алынуы бекер емес. Салафизм секілді дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендердің көбі саудамен айналысады немесе спортта бағын сынап жүрген жас жігіттер. Оларға мамандар мемлекетіміздің рухани тірегі болған дәстүрлі діннің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, рухани құндылықтарды жаңғырту және халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы күресу туралы баяндамалар оқып, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Жалпы, бұл кездесулер Астанада 5 күнге жалғасты. Іс-шара республикалық және жергілікті ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің қатысуымен ауқымды шаралардың он күндігі аясында ұйымдастырылған. Кездесулердің өтуіне Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастамалық етіп отыр.
Алғашқы басқосу 4 маусым күні елордадағы ірі базарлардың бірі «Big Шанхай», «Көк базар» сауда кешені қызметкерлерімен және «Дәулет» спорт кешенінің жаттықтырушыларымен өтті. Ақпараттық түсіндіру тобының өкілдері оларға дәстүрлі емес ислам ағымдарынан қандай қауіп келуі мүмкін екенін, ондай топтардың қатарына еніп кетпеу үшін не істеу керектігін түсіндіріп берді.
Жалпы, кездесулерге «Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ басшысының міндетін атқарушы Аташев Айбек Асқарбекұлы, «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы Муслимов Дәурен Мұхаметрахимұлы, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің наиб имамы Агитаев Әділ Сахиұлы және Ислам орталығының Сауат ашу бөлімінің директоры Қамбаров Руслан Миятбекұлы қатысып, мамандар дәстүрлі діннің өнегелік ұстанымдары, қоғам үшін қауіпті құбылыс болған – діни экстремизмнің мәні, дінге қызығушылық танытатын жұртшылыққа дұрыс ақпарат алудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кету керек, дәл осындай ақпараттық түсіндіру топтары 2 жылдан бері елімізде қызу жұмыс жүргізіп келеді. 2016 жылы Ақтөбе мен Алматыда болған лаңкестік оқиғаларынан кейін мұндай топтар республиканың барлық өңірінде құрылып, халық арасында алдын алу жұмыстарымен айналысуды қолға алған. Дәл сол жылдары елде теріс діни ағымдарға еніп кеткен тұлғалар саны ресми 15 мыңнан астам болса, бүгінде бұл көрсеткіш біршама азайды. Дегенмен, «діндарлардың» тіркелмегендері көп екенін ескерсек, халық арасында дәстүрлі исламды уағыздау жұмыстарын одан әрі де өткізе беру керек. Мұны сол дін мамандарының өздері мақұлдап отыр. Биыл жыл соңына дейін олар республикадағы барлық облыстар мен аудандарды аралап шығып, ауыл тұрғындарына қажетті діни сауатты беретін болады.