Әдетте қазақ отбасыларында ошақ қасындағы әңгімелерді сырттағы адамдарға айта бермейді ғой. «Бас жарылса бөрік ішінде…» демекші, біздің жанұямызда да осы уақытқа дейін небір жағдайлар болды, бірақ көз жасымды көлдетіп, ешкімге тіс жарып басымыздағы жайды айтып көрмеппін деп жазады Аqparat.ortalyq.kz.
Мен Шығыс Қазақстан облысында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. Ата-анам ауылдың тіршілігіне төселіп алған нағыз шаруа адамдары. Екеуі де бір ауылда өсіп, сол жерде отбасын құрып, дүниеге төрт бала әкелді, үш қыз, бір ұл. Өздері кезінде жоғары білім ала алмағандықтан бізді оқытуға тырысты. Мен үйдің үлкенімін. Есімім Бақыт, жасым 45-те. Ата-анамның арқасында Семей қаласында жоғары білім алып, бүгінде колледжде қазақ тілінің мұғалімі болып жұмыс істеймін.
Біздің бала кезімізде ауылды колхоз деуші еді ғой. Ата-анамыз осы колхоздың жұмысын беріліп істейтіндері соншалық, үй қарасын көрмей кететін. Мен үйдің үлкені болған соң, інім мен сіңлілерімді қарау, үйдің тіршілігі барлығы менің мойнымда еді. Қазір ойлап отырсам, анам 13 жастағы маған үйдің тіршілігін, бауырларымды оп-оңай сеніп тастап кете беретін. Ал қазір біздің балаларды үйде жалғыз қалдыруға қорқамыз. Бірді айтып бірді кетіп жатырмын-ау.
Маған үйде тамақ пісіру, кір жуып қою, су тасу, от жағу онша қиын болған жоқ. Мен өзімнен кейінгі бауырларымды жуындырып, киіндіріп сабаққа жіберуге, оның сабағын оқытуға қиналатынмын. Өйткені өзімнен кейінгі інім Руслан өте сотқар, ерке болатын. Мені тыңдамайды, ештеңені уақытында істемейді, қарсыласады, қысқасы, Русланды тәртіпке салуға тырысқан адам бір күнде қартайып кетеді. Ал ата-анам өздері бала күндерінде қиындықты көп көргеннен кейін бе, балаларына ұрсуды, зекуді, ұруды білмейтін. Мен кейде інімнің кейбір қылықтарына ыза болғанда үйде ешкім жоқта немере ағама айтып, Русланды сабатып алатынмын. Үш қыздың ішінде жалғыз ұл болған соң ба, әлде өзінің мінезі сондай ма, Руслан өз айтқанына қайтпайтын өзімшіл, шолжаң болды. Анам мен әкем «Руслан ержеткенде түзеледі, қазір бізге еркелейді ғой…» деп оның сөзін сөйлейтін. Бірақ Руслан жоғары класта оқып жүргенде одан сайын бұзылып кетті. Түнімен қаңғиды, темекі шегеді, 8-9 сыныпта ащы судың да дәмін татты. Сонымен не керек, ес кіріп, есейер деген сайын інім кері кетті. Өзінің түр келбеті сымбатты, бойы ұзын болғасын оған қыздар көп жабысатын. Ауылдағы бірталай қызбен жүріп тастағанын жұрттан естіп жүретінбіз. Шынымды айтсам, мектепте інім үшін намыстанатынмын.
Он бірінші клас оқып жүргенде Руслан 9-класта оқитын қызды екіқабат қылып қойыпты. Содан әлгі қыздың шешесі қызының Русланнан жүкті екенін біле салысымен менің анамды келіп жұлсын… Анамның орнында басқа әйел болса: «Өз қызыңа ие бол, ерте қағынған өзінен көрсін» дер еді. Ал менің мамам байғұс бір ауыз қарсы сөз айта алмай, «ұлыммен сөйлесейін, келін қып түсірейік» депті. Бірақ қыздың шешесі: «Бұл жағдайды ешкім білмесін, ауыл адамдарының алдында ұятқа қалмайық, түсік жасатамыз, ақша беріңдер» деген екен, әкем бір малын сатып қолына ұстатыпты. Ол кезде мен қалада студентпін ғой. Бұл оқиғаны кейін естідім. Інімнің әке-шешесін елдің алдында жер қылуы осымен бітсе жақсы ғой, ол бұдан кейін де қылапатты қылды.
Руслан мектепті бітіргеннен кейін ауылдың тағы бір әйелі іші шермиген қызын жетектеп біздің үйге келді. «Балаң менің қызымды үйленемін деп алдап келе жатқанына бірнеше ай болыпты. Қызымның жүктілігін іші шыққанда ғана білдім. Балаларың қызыма үйленсін, әйтпесе сотқа беремін» деді әлгі адуынды әйел. Ата-анам, туған-туыс келін түсіру қамына кірісіп кетті. Сол кезде Руслан «Алтынгүлдің ішіндегі менің балам емес, алмаймын» деп жатып кеп тулады. Туған-туыс оның бұлай ат тонын ала қашқанына қарамастан құдалық өткізіп, той жасады. Әсіресе, немере ағамның келіншегі Разия жеңешеміз әй-шайға қарамай тойды ұйымдастырды. Жеңешем пысық, сөзге де, іске де шебер болғандықтан біздің әулет қандай жағдай болса да сол кісімен кеңесіп, жиын-тойдың тізгінін соған беретін. Әйтеуір улап-шулап жүріп той да өтті. Бірақ бұл Русланның тойы емес, басқа біреудің тойындай ол тіпті келіншегінің жанына жоламай да қойды. Өз бетімен ішіп, достарымен қыдырып кетіп қалып, той болатын күні кешке жан-жақтан ұрсып жүріп дастарханға әрең отырғыздық. Той өткен соң екі айдан кейін келініміз ұл туды. Ата-анамның қуанышында шек жоқ, келіні мен немересін перзентханадан өздері барып шығарып алды. Ал Руслан өзінің тұңғышын еміреніп иіскемек түгілі тіпті кішкене сәбиді көргісі де келмеді. Келініміз Жұлдыз Русланды шын жақсы көрді ме, әлде басына түскен соң көніп, отбасын сақтауға үміттенді ме, ата-енесінің, туған-туысқа, бізге жақсы қарым-қатынас жасады. Руслан айғай шығарып, қол жұмсаған кезде де кеткен жоқ. Бірақ шыдамның да шегі бар ғой, Жұлдыз Русланның оларға жібімейтінін, өзін де, баласын да керек қылмайтынына көзі жеткенде бір-ақ күнде жиналып кетіп қалды, бір айдан кейін ресми түрде ажырасып кетті. Ол кезде Ержан атты кішкентай інішегіміз 1,5 жаста болатын. Жұлдыз баласын алып аудан орталығына көшіп кетті. Анда-санда ауылда тұратын ата-анасына келіп тұратын.
Келіншегі ажырасқаннан кейін Руслан қалаға барып оқуға түсемін, жұмыс істеймін деп Алматыға кетті. Ата-анам: «Өмір көрсін, ел танып, жер көрсін, өз күнін өзі көруге тырыссын» деп оның бұл әрекетіне де мақұл деді. Бірақ Руслан қалада жүріп те марқадам таппады. Оқуға түсу былай тұрсын, ол тіпті қарпайым жұмыс істегісі келмейтін. Әр нәрсені сылтауратып, анда жұмысқа тұрамын, міне мынандай жұмысқа шықырып жатыр деп сылтауратып ауылдан ақша сорумен болды. Сөйтіп жүргенде бұзақылық жасап полиция бөлімшесінен бірақ шықты. Әйтеуір таныс-тамыр тауып әрең басын арашалап алдық. Сонымен оқу да жоқ, жұмыс та жоқ қаладан ауылға қайтты. Ауылда емін-еркін анасының дайын тамағын жеп жата беруге әбден үйреніп алды.
Сөтіп жүрген күндердің бірінде ауылда «Руслан ауылға жаңадан келген мұғалім қызбен жүреді екен» деген сыбыс тарады. Анам мұны естіп «Русланым өзі қалаған қызды алып, жақсы отбасы болып кетер. Шынар тәрбиелі қыз көрінеді. Менің баламды адам қылса екен» деп үміттеніп жүрді. Бірақ Руслан үйленуге асықпады. Бір жылдай уақыт өткенде бәріміз Шынардың да аяғы ауыр екенін білдік. Бірақ Руслан тағы өзінің әніне басып, «мен оны алмаймын, сүймеймін» деп шықты. Шынардың өзіне барып Рәзия жеңгем сөйлесті. Сонда ол: «Иә, мен Русланнан аяғым ауыр. Екеуміз біраз уақыт бірге жүрдік. Бірақ ол мені жақсы көрмейтінін, баламды мойындамайтынын айтты. Мен оған зорлықпен тұрмысқа шыққым келмейді. Сіздер де оны қинамаңыздар» депті. Рәзия жеңешем Русланды Шынарды алуға ары үгіттеп, бері үгіттеп көндіре алмады. Ол «менің қалада сүйген қызым бар, жақында оны алып келемін, соған ғана үйленемін» деп қасарып алды. Сонымен Шынар босанып, ол да шекесі торсықтай ұл туды. Баласын аудан орталығынлда тұратын анасына баққызып өзі жұмысын жалғастыра берді. Ал Руслан болса, көп ұзамай қаладан Арай атты сүйіктісін алып келді. Біздің ұлды бұл қыз несімен баурап алғанын қайдам, ол біздің әулетке бір көргеннен ұнамады. Түр-келбеті де аса сұлу емес, өзі тұйық, ешкіммен сөйлеспейді, бөлмесіне тығылып алады да шықпайды. Бірақ әйтеуір Русланның таңдауы осылай болғандықтан ешкім жұмған аузын ашпады. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін Русланнан кейінгі екі сіңлім жеңгелерінің дәретханаға тығылып темекі шегетінін көріп ағаларына айтқан екен. Ол: «мен бұл туралы білемін, сендердің шаруаларың болмасын» депті. Сөйтіп жүргенде Арайдың аяғы ауырлады. Жүктіліктің 5 айлығында Арай қатты ауырып ауруханаға түсті. Дәрігерлер Арайдың сифилиспен ауыратынын, баланың өмірін сақтай алмайтындарын айтып, жасанды түсік жасады. Осы жағдайдан кейін көп ұзамай Руслан Араймен де ажырасып кетті.
Русланның қылығы ата-анама қатты батты. «Жалғыз ұлы бардың шығар-шықпас жаны бар» демекші, ұрпағымызды жалғастырып, қара шаңырақтың иесі болады деген Руслан олардың үмітін ақтамады. Русланның кесірі екі қарындасына да тиді. Бір сіңлім тұрмысқа шығып балалы болғанан кейін жолдасы жол апатынан қаза тапты, енді бірінің күйеуі екі баласымен тастап, басқа әйелге кетіп қалды. Бірде жүйкесі әбден жұқарған кенже сіңлім, Русланға «біздің бақытсыздығымызға сен кінәлісің, сен обалына қалған қыздардың көз жасы жібермейді бізді» деп жылады. Әншейінде бізді бетіне қарап сөйлетпейтін Руслан сол кезде үндей алмады.
Бүгінде Русланның Алтынгүлден туған тұңғышы үлкен жігіт болған. Қаладан жоғары оқу орнын бітіріп, ауылдың мектебінде математика пәнінен сабақ береді екен. Біз ауылға анда-санда барамыз ғой, өз басым оны біздің үйден кеткеннен кейін мүлде көрмеппін. Былтыр ауылға барғанда бірдеңені сылтауратып мектепке әдейілеп барып Ержанды көрдім. Расында да сымбатты жігіт болып ержетіпті, Русланнан аумайды өзі. Ал оның анасы әлі де тұрмысқа шықпапты. Жалғыз ұлын жеткіземін деп өзінің жеке өмірін жылы жауып қойғанға ұқсайды. Ержан өзінің әкесінің кім екенін, туыстарын іштей білетін сияқты, бірақ сыр білдірмейді. Ата-анамның, біздің көзімізге оттай басылып, жарқырап жүр.
Ал Русланның Жұлдыздан туған баласы Әлішер де студент екен. Ол кішкентай кезінен ауылда бәріміздің көз алдымызда өсті. Өйткені Жұлдыз біраз жылдан кейін біздің ауылдың басқа жігітіне тұрмысқа шыққан болатын. Баласы 12-13 жасқа келгенде ол отбасымен қалаға көшіп кетіпті.
Қазір Руслан болса жасы қырықтан асты, не отбасы, не үй-күйі жоқ ауыл мен қаланың ортасында жүр. Ауылда ата-анамыздың жанына барып жарты жыл жатады. Жалыққанда қалаға барып түрлі-түрлі әйелдермен бірге тұрады деп естиміз. Әйтеуір мағынасыз өмір. Сіңлім айтпақшы, қанша қыздың обалына қалған Русланды қыздардың көз жасы жібермейді-ау…