$ 494.87  520.65  4.91

Жаңақорғандықтар 12 жастағы қызды зорлаған педофилдің отбасын ауылдан қуып жатыр

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Шалқия кентінде 12 жасар қызды зорлап, айуандықпен өлтірген қылмыскер өз кінәсін мойындады. Сұмдық оқиғадан кейін есеңгіреп қалған тұрғындар педофилді халық алдында соттап, оған ауыр жазаның тағайындалғанын қалайды. Тіпті, қамауға алынған жігіттің отбасысын ауылдан көшіруді талап етіп отыр. Үрейге бой алдырған жандар өз балаларының өмірі үшін қатты алаңдайды деп жазады Zhasalash.kz.

«Бұл сұмдық жағдай ғой. Ауылымызды педофилдер қаптап кетті. Күндіз баламызды далаға шығаруға қорқатын болдық. Құқық қорғау органдары осылай қол қусырып отыра бере ме? Халықтың қазір ашуы қара қазандай. Бұл жігіттің отбасысы Шалқиядан көшіп кетуі керек. Олай болмайынша біз тыныштық таппаймыз дейді», — ауыл тұрғыны. Амангелді ЖАЗЫБАЕВ.

Қылмыс 18 шілде күні күндіз жасалған. Көз жұмған қыздың отбасысы Шалқиядағы ескі бес қабатты үйлердің бірінде тұрады. Тұрғындардың айтуынша, қылмыскер жасөспірімнің үйінде жалғыз өзі қалғандығын пайдаланған. Алдымен, жас қызды зорлап, оны жоғары қабаттардың біріне апарып тастаған. Өзінің әрекетін жасыру мақсатында, жасөспірімнің басын 25 келілік шлакоблок кірпішімен ұрыпты.

«Бұл барып тұрған айуандық қой. Қыздың денесінде сау жер қалмаған. Басы мүлдем жоқ. Кешкісін намазын шығарып, көмуге мәжбүр болдық. Анасының жағдайы қазір өте ауыр. Ол өзі 3 қызын асырап отырған кісі. Кенттегі зауытта еден жуушы болып жұмыс жасайды. Қызының кісі қолынан қаза болғанын әлі айтқанымыз жоқ. Тамақтан уланып өлді деп айтуға мәжбүр болдық. Ай күннің амандығында осылайша балаларымыздан айырылып қалып жатырмыз», — дейді тағы бір кент тұрғыны Анар БӘЙІМБЕТОВА.

Қазір қолға түскен күдікті қамауға алынған. Өз кінәсін толық мойындапты. 1987 жылы туылған жігіт осы ауылда анасымен бірге тұрған. Ешқайда жұмыс жасамайтын азамат бұрын да бірнеше мәрте сотты болып келген екен. Жаңақорғандықтарды ауылдарында педофилдердің көбейіп кеткендігі қатты алаңдатады.

«Осыдан шамамен он күн бұрын менің қызымды осы кенттің тұрғыны зорламақ болған. Абырой болғанда, қызымның шыңғырған дауысын келінім естіп құтқарып үлгерген. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде. Қызым туыстарымның үйінде тұрып жатыр. Қатты қорқып қалған. Мына жағдайды естісе, мүлдем Шалқияға келмей қалатын шығар. Бұл мәселені биліктегілер назарға алулары тиіс. Біз балаларымыз үшін қорқамыз дейді», — Жәмила ӘБІШЕВА.

Осылайша, үш мыңнан астам тұрғыны бар аядай ауылдың бүгінде мазасы қашқан. Тұрғындар күнделікті әкімдік алдын торуылдап, қанды-қол қылмыскерлердің алдын-алу үшін нақты әрекеттің жасалғандығын күтеді.

«Біз қылмыскер жігіттің отбасысын бұл ауылда тұрғызбаймыз. Есі бар болса олар өздері көшіп кеткендері дұрыс. Қолға түскен қылмыскердің анасы үнемі араққы сылқиып жүреді. Халық алдына шығып, баласының жасаған әрекеті үшін кешірім де сұрамады. Бұл мәселе ушықпау үшін оларды көшіріп жіберген дұрыс», — дейді кент тұрғыны Гүлнар АҚПАМБЕТОВА.

Қазір аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған, тергеу жүріп жатыр. «Күдікті азамат бұрын ұрлық үшін сотты болған. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Сол себепті артық ақпарат бере алмаймыз», — деп қысқа қайырды Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы Әбдібек ЖАҢАЗАРОВ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары