Арайлым Ізтілеуова екі баласымен Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығында уақытша тұрып жатыр. Ол халықтан көмек сұрайды деп жазады Аktobetimes.kz.
31 жастағы Арайлым тұрақты жұмысқа кіріп, баспаналы болғысы келетінін айтады. 6 және 3 жасар ұлын ол өзі жалғыз асырап отыр. «Бір жігітпен жарты жыл кездесіп, жүкті болып қалдым. Аяғым ауыр екенін ести сала ол мені тастап кетті. Өзінің үйленгенін айтып, маған түсік жаса деді. Бірақ мен онсыз да баланы туа алатынымды жеткіздім. Содан бері ол жігітті көрмедім», – дейді Арайлым. Біраз уақыт өткеннен соң, келіншек бір ер адамды сүйіп қалады. Айтуынша, онымен жақсы күндер кешкен. Алайда, сүйіктісі қызғаныштан Арайлымға жиі қол көтеретін болыпты. Онымен сол себептен айрылысуға тура келді дейді. Одан Арайлым екінші ұлын дүниеге әкеліпті. Осылайша, екі баламен далада қаңғып қалған ол қиын күндерді басынан өткеріп келеді. «Саяжайдан бір пәтер жалдап тұрдым. Ол жерде не су, не тамақ жасайтын пеш те жоқ еді. Балама судан ботқа қайнатып беретінмін. Тамақ жасау үшін көршілердің есігін қағып жалынып тұратынмын. Тек макарон ғана жеген күндеріміз болды. Кейіннен бір волонтер қызды кездестіріп қалдым. Қайта соның көмегінің арқасында балаларым аш қалмады. Сол қыз бізді осындағы әйелдерді қорғау орталығына әкелді», – дейді Арайлым. Қазір жалғызбасты ана екі баласымен мемлекеттің қарауында өмір сүріп жатыр. Пәтерге төлемейді, балаларын тегін тамақпен асырап отыр. Алайда, кететін мерзімі келгенде қайда баратынын білмей дал. Сол себептен жалғызбасты ана көпшіліктен көмек сұрап, өзінің тұрақты жұмысқа орналасқысы келетінін айтып отыр.