Даңқты спортшы Денис Тенді өлтірді деп айыпталып жатқан Нұралы Қиясов бүгін Алмалы аудандық сотының шешімімен 2 айға қамауға алынды. Сот отырысында ол жылап, марқұмды өлтірмегенін айтты.
Сот отырысында көз жасына ерік берген 24 жастағы күдікті бар кінәні жанындағы серігіне артты.
"Мен оны ұрған жоқпын, пышақтамадым. Тек жанында қарап тұрдым", - деп жылады Нұралы Қиясов. Оның қорғаушысы да судьядан Нұралыны қамамауын, қолхатпен үйіне жіберуін сұраған болатын. Алайда, судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырған жоқ.
24 жастағы Қиясов Жамбыл облысының тумасы, жұмыссыз, үйленбеген, бала-шағасы жоқ. Бұрын көлік ұрлағаны үшін істі болған.
Сондай-ақ, бүгін полицейлер осы іске қатысы бар деген екінші күдіктіні ұстады. 1994 жылғы Арман Құдайбергенов Қызылорда облысының тумасы. Ол да бұрын істі болған.
Күдіктілердің екеуі де қаза тапқан адамның Денис Тен екенін тек оқиға болғаннан кейін интернеттен білгендерін айтты.
ФОТО: Tengrinews.kz