Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыда ағаш түбінен төсенішке оранған бала табылған еді. Оқиға орнына барған белгілі депутат Қайрат Құдайберген баланың жағдайына алаңдап, ем-дом шараларын өзі қамтамасыз ететінін жеткізді. Ал бүгін балалар ауруханасының бас дәрігері Абай Құсайынов «Қайрат Құдайберген 5 жасар баланың өзіне де, ата-анасына да ешқандай көмек көрсеткен жоқ» дейді.
«Ол емнің ақшасын төлеген жоқ. Бұл жалған! Баланы мемлекет емдеп жатыр. Әлгі оқиғадан кейін Қайрат тіпті баламен кездесу үшін ауруханаға да келмеді. Тек бала ауруханаға жеткізілген күні еріп келді», - деп баса айтты Құсайынов пресс-конференция барысында.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабеков бас дәрігердің сөзін растады.
«БАҚ өкілдері Қайрат Құдайбергеннің балаға көмектескенін жарыса жазып жатыр, бірақ мүлдем олай емес. Бала тегін емделіп жатыр. Мүмкін Қайрат ата-анасына көмектескен шығар, ол жағын білмедім», - деді Нұржан Исабеков.
Алайда Мүхаммедтің анасы да депутаттың тарапынан ешқандай көмек көрмеген. Анасының айтуынша, баланың жағдайы қалыпты. Ал Қайрат Құдайбергенді ұлы ауруханаға түскен күні бір рет қана көрген екен.
Сонымен қатар Абзал Құсайынов баланың қазіргі жағдайы туралы айтты.
Дәрігердің мәліметінше, Мұхаммедтің денесінің оң жақ бөлігі әлсіреген екен, бірақ ол уақытша нәрсе. Қазір денсаулығы жақсы, тек әлсіз. Бір рет операция жасалған.
Дереккөз: Қамшы