$ 494.87  520.65  4.91

Алматының орталық саябағы жаңа кейіпке енбек

Алматының Орталық саябағы жаңа кейіпке енетін болады. Ол үшін бюджеттен бір тиын да ақша бөлінбейді, жаңғырту жұмыстары жеке компанияның есебінен жүргізілмек. Демалыс орнында қазір қарқын алған.

Орталық саябаққа келсеңіз, кіреберістен-ақ жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын көзіңіз шалады. Қазірдің өзінде тротуарлардың біраз бөлігі жөнделіп, саябақтың бірнеше аймағында құрылыс қарқын алған. Бір қызығы, жаңарған парк өзінің алғашқы кейпіне ұқсайды, яғни, ескі қала стилінде жасалады,-дейді компания басшысы.

«Саябақты жаңарту жұмыстары екі жылға жоспарланған. Қаражаттың негізгі бөлігін биыл, ал қалған 30 пайызын келесі жылы саламыз. Осы жылы 3 алаң жаңарады. Оның ішінде 6 субұрқағы бар аймақ пен спорт алаңы бар. Қазір біз тұрған жерде де түрлі түсті боп жанатын үлкен фонтан болады», - дейді компанияның бас директоры Владимир Седельковский.

Жаңарған Орталық саябақ әсіресе, белсенді демалысты жақсы көретіндер үшін тиімді болмақ. Қазір құрылысы жүріп жатқан мына спорт алаңында тегін баскетбол, футбол алаңдары, сонымен қатар скейтодром, воркаут және балаларға арналған қалашық пайда болады. Сонымен қатар, 200-ге жуық жарық шам қойылып, жаңадан салынатын фонтандар мен спорт алаңдарының айналасы абаттандырылады. Оған қоса саябақтың оңтүстік аймағындағы ескі аттракциондар да жаңартылмақ. Айта кетейін, Орталық саябақтағы жаңғырту жұмыстары қала әкімдігінің қатаң қадағалауында. Еске салайын, бұл саябақ 2013 жылы Алматы қаласының коммуналдық меншігіне өткен.

«Биыл "Алтын Тараз" мекемесі өзінің ұсынысымен шығып, біздің Алматы қаласы Табиғи ресурстар басқармасымен меморандумға қол қойды. Соның аясында компания өзінің қаражатына саябақтың ішіне әртүрлі көріктендіру жұмыстарын жасайды. Алматы қаласының әкімі осы саябаққа жиі-жиі келіп, өзі қадағалап, көптеген тапсырмалар берді», - дейді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Мұрат Жексенбаев.

Айта кетейін, барлық жаңарту жұмыстары кезінде бірде бір тал кесілмейді, қайта қосымша ағаштар отырғызылады дейді жауапты компания басшысы. Және жаңғыртудан кейін саябақтағы аттракциондар бағасы да еш өзгермейді. Жалпы, биылға жоспарланған жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталуы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары