Ақтөбедегі шу көгершіннен басталды. Үйленіп, үй қырғысы келетін жастар көп. Айналып келгенде салтанатты түрде неке қию рәсімін өткізуді халықтың қалтасы көтермей жатыр деп мәлімдеді 31-арна.
Неке сарайының басшылығы, жастарға бұдан былай некелеріңді салтанатты түрде қидыртқыларың келсе, 50 мың теңгеге дейін төлеуге міндеттісіңдер депті. Ал, бұл қызметтің ішіне не кіреді десе, компьютерден қосылатын музыка, және мынадай көгершін ұшырасыңдар депті.
Тойларын алдағы тамыз айына белгілеп қойған жұп жаңа неке сарайындағы ақылы қызмет бағасының тым қымбат екенін білгенде өтінішті қалдыру жөнінде екі ұшты ойда қалдық дейді. Сөздерінше оларға салтанатты рәсім үшін 30 000 мен 50 000 теңге арасында белгіленген қызмет түрлерін ұсыныпты.
«40 000-ға тек қана компьютермен қосылатын музыка және аренда. Ал 50 000-ға жанды дауыспен музыканттар келеді және көгершіндерді ұшыру сыйлыққа беріледі, болды», - дейді Сәлиа есімді қала тұрғыны.
Алайда, осы күнге дейін неке қию рәсімін ақысыз атқарып келдік деген АХАТ бөліміндегілер қазір тегін қызметті тоқтаттық деп отыр. Өйткені жалдамалы ғимаратта отырған мемлекеттік мекемеде салтанатты рәсім өткізетін зал жоқ екен. Мамандар қазір неке қиюға өтінішті халыққа қызмет көрсету орталықтарында немесе онлайн түрінде де беруге болатынын айтады.
«Жаңа осы ғимаратқа көшкелі бері біз салтанатты түрде неке қию рәсімін өткізбейміз. Біз іштен тек куәліктерін тіркеп, екі жас кабинеттен алып кететін болса солардың қолына береміз. Иә, бұрын болды. Қазір жеке адамдар жүзеге асырып жатыр», - дейді Ақтөбе қаласы АХАТ бөлімінің бас маманы Эльмира Тұрсынбекова.
Осылайша неке қиюдың барлық салтанатты рәсімдерін енді осы ғимаратты таза өз табысына салған жеке кәсіпкер жүргізеді екен. Сөздерінше ғимараттың құрылысына бюджеттің бірде бір теңгесі жұмсалмапты. Неке қиюдың ақылы болуы да сондықтан болып шықты. Алайда тұрғындар әркімнің қалтасы көтере бермейтін қымбат бағаны билік бақыласа дейді. Оның үстіне мемлекеттік мекемеде неке қидырудың ақысыз да қызметі болу керек деген пікірде.