$ 498.34  519.72  4.85

Сайран көлі Алматыдағы туристік нысандардың біріне айналмақ

Алматы қаласы әкімдігінің қолға алған жобасы аясында бұл көл маңында енді мерекелік кештерді, түрлі іс-шараларды өткізуге болады. Мысалы, 4 тамызда әлемнің 22 мемлекетінен жүзден астам спортшы осында жиналмақ. Барлығы триатлоннан Азия кубогын сарапқа салады. Дайындық қазір қызу жүріп жатыр.

«Өткен жылы бұл шара Астанадағы Есіл жағасында өткен болатын. Биыл да әлем чемпионаты елордада ұйымдастырылды. Азия чемпионаты Алматыда алғаш өткелі отыр. Барлығы өз деңгейінде болса, әлем чемпионаты келер жылы осында өтуі әбден мүмкін», – деді Алматы қаласы Триатлон федерациясының атқарушы директоры Руслан Когай.

Қазір Сайран көлінің аумағы абаттандырылып, қосымша архитектуралық нысандар қойылған. Жауаптылар тіпті, судың құрамын да сараптамадан өткізген екен. Барлығы жарыстың талаптарына сай келген. Ал Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы Төле би көшесіндегі инженерлік желі жұмыстарын дүбірлі дода басталғанша аяқтауға уәде берген.

Айта кетейік, бұған дейін қала басшылары Сайран автовокзалын да тарихи-мәдени ескерткішке айналдырамыз деп шешкен болатын. Мұнда тозығы жеткен көлік тұрақтары қайта жаңғырып, автовокзал аймағы көгалдандырылады. Сонымен қатар, демалыс үшін гүлзар салынып, балалар ойнайтын алаңқайлар пайда болады деп жоспарлануда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары