Қарақат Әбілдина 4 ұлдан кейін көрген қызына құрсақта жатқан кезінен бастап Құран сүрелерін көп тыңдатыпты. Қазір соның арқасында балақайды жұбату да қиынға соқпайды екен. Жылай бастағанда сәбиге сүрелерді қосса, қызының көз жасы дереу тыйылады екен.
«Мен бөпеме құрсақта жатқан кезден бастап әуезді ән, Құран сүрелерін көп айтып, көп тыңдаттым. Қазір қызық, сол әуендерді естігенде елітіп тұрады. Жылап жатса тоқтай қалып тыңдайды, арасында ыңылдап қосылып жіберетінді шығарды. Тәрбие құрсақтан басталады дегенге үлкен мән беруіміз керек.
Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен. Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Аналарымыз келін-кепшікті жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында — ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатқан жоқ па?! Ән шырқаған көңілден ауру қашарын әлмисақтан білген үлкендеріміз шадыман көңіл жас анадан шаттық кернеген, мінезді ұрпақ туады деп сенген», – дейді Әбілдина өзінің Instagram-парақшасында.