10.08.2018, 12:22

«Тегейдің» тәлімді істері

Ақ Жайық өңірінде қазақ халқының мәдени-ұлттық құндылықтарын, патриотизмді насихаттау бағытында айтарлықтай іс-шаралар өткізіп жүрген қоғамдық ұйымдардың бірі - «Телегей» қоғамдық бірлестігі.

Республикамыздағы 100 жалпыұлттық киелі орындарының қатарына Батыс Қазақстан облысынан 6 нысан кірсе, соның бірі – Дәдем ата-Жұмағазы хазірет мекені. Құрылғанына екі жыл болған «Телегей» ҚБ осынау қасиетті жерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырумен көпшілікке кеңінен танылды. Бұл ұйымның бастамасымен қолға алынған «Ас+конференция» форматы да жұртшылықтың көңілінен шығуда.

Аталмыш қоғамдық бірлестіктің төрағасы Нұрлан Сәдірдің айтуынша, Дәдем ата-Жұмағазы хазірет мекенінің әлеуетін ұлтымыздың рухани жаңғыру ісіне пайдалана білген жөн. Сол себепті ұйым осы бағытындағы іс-шараларды алдағы уақытта жүйелі түрде жүргізетін болады.

– Ауданымыздың аумағында орналасқан Дәмдем ата мекенінде соңғы жылдары ұлттық, партиоттық бағыттағы шаралар ұйымдастырылып жүргендігі қуантады. Мұндағы жақсы отырысқа куә болған балалар, жастар осы шарадан алған әсерлерін еш уақытта ұмытпайды. Киелі өңірде киелі салтты, дәстүрді насихаттауды жалғастыра беруіміз керек. Мен осы өңірде көп жылдан бері қызмет атқарып келемін. Бұл жердің киелі екенін, Жұмағазы хазірет туралы халық ертеден біледі. Осы жердің киесі кетпесе екен, әулиенің есімі халық жадынан өшпесе екен, кейінгі ұрпақтан ата дәстүрін лайықты түрде жалғастыратын азаматтар табылса екен деп тілеуші едік. Бүгінгі таңда хазіреттің ұрпағынан Ғарифолла Жамбозовтай азаматтың бас көтеріп, баба дәстүрін жалғастырып отырғаны, «Телегей» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен түрлі іс-шаралардың өтуі сырымдықтарды ерекше қуантады, – дейді Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің редакторы, ақын Махмет Қажиахметов.

«Телегей» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік тіл саясатының өрістеуіне де үлесін қосып келеді. БҚО тілдерді дамыту басқармасы және өзге де құрылымдармен бірігіп қоғамда қазақ тілінің аясын кеңітуге атсалысуда. Сондай-ақ бұл ұйым есімі ұмытыла бастаған халқымыздың біртурар ұлдарының есімін есте қалдыруға да өз үлесін қосып келеді. Мәселен, атағы Орал өңіріне белгілі азамат, палуан Оралбек Қожагелдин туралы кітап шығарып, енді оның атына көше беру бойынша жұмыстануда. Бүгінгі таңда атақты батыр Ерсары Бегетайұлына қатысты да осындай іс-шаралар атқарылуда.

Ернар ХАЙДАР