$ 498.34  519.72  4.85

Ветеринария салғырттықты көтермейді

Батысқазақстандықтар төрт түлікті көбейтіп қана қоймай, олардан сапалы өнім алу үшін мал ауруын алдын алу жұмыстарына да жете мән беруде.

2012 жылы бұл саланы реформалау барысында облыс бойынша қарамағында 148 ветпункті бар 13 мемлекеттiк ветеринариялық станциясы құрылды. Бүгінгі таңда бұл мекемелерде 582 мал дәрігері қызмет етеді. Ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында 143 автокөлік, қосымша дезинфекциялау қондырғылары орнатылған 13 УАЗ автокөлігі, 13 арнайы автокөлік және ветеринариялық құрал-жабдықтар сатып алынды. Мал дәрігерлері арқылы жылма-жыл жоспарлы ветеринариялық-профилактикалық егу, ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қолдау, ветеринариялық іс-шаралардың сапалы орындалуы өз нәтижесін беруде. Яғни жыл өткен сайын аса қауіпті ауру ошақтарының саны кеміп келеді.

- Биыл ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 999,7 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 883,3 млн. теңге, бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне өтемақысын төлеуге 60,4 млн. теңге және бұралқы иттер мен мысықтарды жоюға 56 млн. теңге қаралып отыр. Аталған іс-шаралар барысында ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстың 11 аса қауіпті ауру түріне қарсы алдын алу шаралары және 11 ауру түріне диагностикалық зерттеулер жүргізілуде, – дейді БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов.

Қазір сала мамандары мал сою нысандары мен мал қорымдарын көбейтуге жіті назар аударып отыр. Бүгінгі таңда облыс аумағында 87 мал сою нысаны болса, соның 66-сы сою алаңы, 14-і сою бекеті, жетеуі ет өңдеу кәсіпорны. Ал 266 мал қорымының 53-і типтік жобада, 213-і қарапайым шұңқырлар. Былтыр 14 қорым пайдалануға берілсе, биыл 20-сын салу жоспарда тұр. Анықталған 222 сібір жарасы көміндісіне арнайы тақтайшалары бар қоршаулар орнатылып, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған жүйесіне енгізілді.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары