30 жастағы Үміт Мәуленованы алты жасар қызы бағып, күтіп отыр. Себебі анасы бала тапқаннан кейін мүгедек болып, өз еркімен қозғала алмайтын дәрежеге жеткен деп жазады kyn.kz.
Үміт Мәуленова екі баласын да кесір тілігі арқылы дүниеге әкелген. Ақ халаттылар толғақ барысында анаға бел тұсынан наркоз салған екен. Бірақ уақыт өте келе Үміттің жағдайы нашарлай бастаған. Мүгедек болып қалмаудың жолында Алматыда 5 рет ота жасатқан, алайда одан оң нәтиже шықпапты.
«Мен бәрі қайтады деп ойладым. Бірақ, Алматыға барып ота жасатқанда бәрін білдім. Жазылатын шығармын деп химия терапия, сәуле алдым. Үш рет емделу курсынан өткенде дәрігерлер: болды сіз жақсы болып кеттіңіз деп үйге жіберді. Бірақ, екі-үш айдан кейін ауруым қайта басталды. Содан қайта ота жасатып, 7 химия алдым. Алайда, одан да еш нәтиже шықпай ештеңеге жарамай қалдым», – дейді мүгедек ана.
Бірнеше отаны өткен ана қазір өздіген отырып-тұрудан қалған. Дәрігерлер Үмітке: «Енді химия терапия жасасаң, өміріңді сақтап қала алмаймыз», – деп соңғы үмітінен айырды.
«Босанғаннан кейін тағы 3-4 рет отаға жасатуға кетіп, баламды да емізбедім. Содан қайта-қайта ота жасаттым. Қазір балам үш жаста, Құдайға шүкір ол мүлде ауырмайды. Ал, қазір ота жасалған жердің бәрі іріңдеп, ашылып кетті. Анам күн сайын ашылған жараның бетін таңып, емдейді. Оны күніне бірнеше рет ауыстырмаса сасып кетеді», – дейді Үміт.
Қазіргі таңда мүгедек әйелді 6 жасар қызы Таңшолпан Сәрсенбек күтіп-бағуда. Бүлдіршін қатарластары секілді ойын қуып емес, күні-түні анасына көмектеседі екен. Мүгедек анасының қолқанаты болған Таңшолпан болашақта дәрігер болуды армандайды.
«Анамның бетін жуып, дәрісін, суын, тамағын беремін. Арманым – ханшайым, дәрігер болу. Анамды, бәрін емдегім келеді», – дейді кішкентай Таңшолпан.
Ал, анасы болса ешқандай жұмыстан қашпаймын, бастысы денім сау болса екен деп әлі де болашақтан үміт күтуде.
Бүгінде Үміттің алға қойған мақсаты біреу – аяғынан тұрып, ешкімге масыл болмай өз нәпақасын өзі табу. Алайда, мемлекет төлейтін 56 мың теңге баспанасы мен азық-түліктен артылмайды. Қазір ол емхана жазып берген дәрі-дәрмекті ғана ішіп, басқа ем қолдана алмай жүр. Мүгедек әйелдің жағдайы мүшкіл болғандықтан шетелдерге барып ем алуға мүмкіндігі жоқ.