Жалғасбай пен Күләш Аманжоловтардың отбасында үлкен қуаныш. Келіндері аман-есен аяқ-қолын бауырына алып, дүниеге үшем әкелді. Осындай қуанышқа кенеліп отырған отбасыны құттықтауға қала басшылығы барып қайтты.
Әбутәліп, Адиля және Найля есімді сәбилер 26 шілде күні дүние есігін ашқан. Үшемнің ата-анасы Азамат пен Мақпал бұл қуанышты 10 жыл күтіпті. Жас ана Астана қаласында дәрігерлердің қатаң бақылауында болған. Ұлы 2000 гр, қыздарының бірі 1900 гр, екіншісі 1500 гр болып туған. Қазір анасы мен балалардың жағдайы бірқалыпты.
Балалардың әжесі Күләш апа қуаныштан толқып «Құдай берерін тауыспасын» дей берді. «Тұқымымызда егіз, үшем деген болмаған. Бұл Алланың берген сыйы» дейді. Кейуана өзі төрт бала тәрбиелеп өсірген бақытты ана. Бүгінде немере мен шөберенің думанына бөленіп отыр. Сәбилердің өсіп-жетілулеріне қолынан келгенше көмек беремін дейді үшемнің әжесі.
Бір күнде үш баланы бауырына басқан ата-ананы құттықтауға Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова мен Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова барды. Мемлекетіміздің кішкентай азаматтарына зор денсаулық пен жарқын болашақ тілеген олар сәбилер мен анасына естелік сыйлықтар тарту етті.