Мен – таныс-тамырсыз, кәдімгі қара қазақ сияқты өз бетіммен жұмыс іздеп көруге бел шештім.
Алматыдағы танымал сайттан бір хабарландыруға көзім түсті. Онда еліміздегі танымал режиссердің киностудиясы «90 жылдар өмірі» атты фильмге түсуге адам жинайды екен. Сағатына 2000 теңге, немесе күніне 10 000 теңге еңбекақы төлейміз дейді. Қатысу үшін аты-жөніңді, өзің туралы біраз мәлімет жазу қажет екен. Бәрін толтырып, электрондық поштасына жібердім. Ертеңіне кинокомпанияның кадр іріктейтін маманынан мынандай жауап келді: «біздің вакансияға сіздің кандидатураңыз сәйкес келеді. Тобыңыздың нөмірі 02. Бірінші түсірілім күні ертең, Республика алаңында басталады. Түсірілім 20 күн аралығында өтеді, жұмыс уақыты күніне 4 сағат… Сіздің рөліңіз — массовка, еңбекақы 10 000 теңге, күнде түсірілім аяқталған соң беріледі.
20 күнде 200 мың теңге табам ба? Бұл қайдағы батпан құйрық деңіз! Бірақ жұмысқа шақырылған адам түсіру алаңына келетінін кепілдендіру үшін кинокомпанияның шотына электрондық әмиян арқылы 1000 теңге аударуы тиіс екен. «Түсірілім болмай қалған жағдайда бұл қаражатыңыз өзіңізге қайтарылады», дейді.
«Түсірілім ертең басталатындықтан, қатысатыныңызды растау үшін бүгін кешке дейін төлеп үлгеріңіз. Түбіртек электрондық поштаға келген соң, біз түсірілім уақытын айтамыз«, — деп хат жазады. Ойбай, 1000 теңге деген не? Алдым да электрондық әмиянға салып жібердім. Риза болып, күтіп отырмын. Жауап келмеген соң күдіктеніп, көрсетілген телефондарына хабарласып, электрондық пошталарын тексерсем, ешқайсысынан жауап жоқ, үн-түнсіз. Сайттағы жарнама да үшті-күйлі жоқ. Алданғанымды біліп, Интернетті ақтарсам, осындай алаяқтардан сақтаныңыздар деген жарнама толып жүр екен.
Қазір жұмыс іздеу сайттарына көз жүгіртсек: «үйде отырып істейтін жұмыс, мәтін теруші, айлығы 140-150 мың теңге». Ақысы жаман емес, жұмысы да жеңіл. Бірақ тіркелу жарнасы 1000 теңге. Ақша аударылған соң ол компания сізді мәңгілікке ұмытады. Ал сіз 1000 теңге үшін полицияға барып, алаяқты сотқа беріп жүрмейсіз ғой?
Алаяқтарға да керегі осы. Жазаланбайтынына сенімді. Қанша адамнан 1000 теңгеден жинап алды десеңізші?!
Вахтер-оператор. Айлығы 120-150 000 теңге. Вахтерлер қашан мұндай айлық алушы еді? Кітапханашы, хаттарды сұрыптаушы, кітапханашының көмекшісі қажет деген де жарнама бар. Бір қызығы, бұл төрт вакансияға көк базар жақтағы бизнес-орталығының мекен-жайы көрсетілген. Хабарлассам, «Сіз қай жұмысқа хабарласып тұрсыз?» дейді нәзік дауысты, аса сыпайы қыз. Вахтер қызметіне десем, оған адам толық, біз сізге кітапханашыны ұсынамыз. Атқаратын қызметі бірдей, келіңіз дейді…
Ал енді тәжірибесіз қызметкерлерді қабылдаймыз, құжаттандыру бөлімінің маманы, қоймашы, құжаттармен жұмыс, басшының көмекшісі, офис-менеджер деген хабарландырулардың дені — желілік маркетинг. 90-шы жылдары желілік пирамидадан зардап шеккен қазақстандықтар бүгінде ондайға сенбейді. Сондықтан желілік маркетинг өкілдері адам тартудың жаңа үлгісін ойлап табуда. Бетпе-бет тілдесуге шақырып, көпшілікпен бірге, не жекелей адамға лекция тыңдатып, сұмдық табыс туралы айтып, сілекейін шұбыртады. Бірақ топқа кіру үшін 10-15 мыңнан астам ақшаға түрлі өнім сатып алу қажет. Жалпы, Интернеттегі жұмыс туралы жарнамалардың 99 пайызы алаяқтық ұсыныстар екен.
Жұмыс тауып беремін деп уәде берген агенттіктерге де алдымен ақша төлейсің. Содан кейін барып олар сізге лайықты жұмыс қарастыра бастайды. Бірақ ол тым ұзаққа созылып кетуі әбден мүмкін.
Еңбек нарығындағы алаяқтар адамдармен қалай қарым-қатынас жасау керектігін, бастарын қалай айналдыруды жақсы біледі. Сондықтан да екі қолға бір күрек таппай, жұмыс іздеп сенделіп жүргендерді жақсылап пайдалануда. Қылмыс құрамы бар мұндай мысалдар ҚР ҚК 177-бабында («Алаяқтық») көрсетілген. Өзгенің мүлкін алдау жолымен және сенімге қиянат жасау арқылы жымқыру. Жазасы – қомақты айыппұлдан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Бірақ полиция мұндай пошталық алаяқтарға қолын былғағысы келмейді. Ұсақ-түйек қой.
Сондықтан, жұмыс іздегенде тек өзіңізге ғана сеніңіз. Қаптаған алаяқтарды танып-білу үшін психолог, немес заңгер болудың қажеті жоқ. Бастысы – ақыл-есіңізді ашкөздікке жеңдірмеу. Және ешқашан алдын-ала ақша төлемеңіз!
Аяжан Төрехан
Дереккөз: 365info.kz