Атырау облыстық ІІД-нің басшысы Аян Дүйсембаевтың казинода отырған сәті түсірілген видеоролик бүгін әлеуметтік желілер арқылы тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Видеоны таратушылар шенді полицейдің 1 миллион 300 мың доллар ұтылып қалғанын да жазған. Алайда, облыстың бас полицейі бұл ақпараттың толықтай шындыққа жанаспайтынын айтып, мәлімдеме таратты.
Аталған видеоролик тарағаннан кейін Ішкі істер министрлігі оны тексеріпті. Видеокадрдағы бірнеше ер адамның бірі Аян Дүйсембаев екені анықталған. Мұны полицейдің өзі де мойындап отыр. Оқиға 2014 жылы Минск қаласында болыпты. Алайда, Дүйсембаев ойынханаға ойнау үшін емес, жанындағы досын алып кету үшін барғанын айтуда.
"Сол кезде Атырау облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары қызметінде болған Дүйсембаев досымен бірге Минскіде болған. Оның досы ойын мекемесіне өзінің танысын ертіп келген. Ал досының әйелі оның бұл әрекетіне қарсы болған. Оны тоқтату үшін әйелі Дүйсембаевтан казиноға келуін сұраған. Дүйсембаев өзі ойнамаған. Оған 2014 жылдың қазан айында жүргізілген тексеріс дәлел бола алады", - деді ҚР ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев.
ЕСКЕРТУ: видеороликте бейәдеп сөздер кездеседі