Алматылық жүргізушілер жол кептелісі туралы ақпаратты алдын ала біле алады. Өйткені қалада алғаш рет онлайн режимде жұмыс істейтін интерактивті тақта пайда болды. Ал, жыл соңында «БРТ» жобасы, яғни жүрдек автобустар тасымалының жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Көлік жүргізушілері үшін орнатылған алғашқы интерактивті тақта Фурманов көшесі мен әл-Фараби даңғылының қиылысында бой көтерген. Заманауи құрылғы онлайн режимде жұмыс істейді. Яғни, ол автоматты түрде көлік ағымының жылдамдығы мен жолдағы кептеліс туралы ақпар беріп отырады. Тіпті, мына электронды тақта ауа температурасын көрсететін арнайы бағдарламамен қамтылған. Осыдан он күн бұрын іске асқан жобаға жеке инвесторлар қаржылық қолдау көрсетіпті. Енді мамандар құрылғының жүргізушілерге берген пайдасын бақылайды. Жұмыстың алғашқы қорытындысы бір айдан соң белгілі болмақ.
«Бірінші пилотты жоба етіп салынған. Мысалы тақтада келесі бұрылыстағы көлік кептелісін көреді. Бұл тақта пайдасын көрсетсе, инвесторлармен бірлесіп, басқа көшеге де қойылуы мүмкін»,- деді Алматы қалалық жолаушылар көлігі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан ӘДІЛОВ.
Сондай-ақ электронды тақта жүргіншілерге арналған жолдың бар екендігін алдын ала ескертеді. Тіпті, ол үшін мұнда арнайы белгілер де қойылған. Мәселен, ол жолдағы кептелісті айналып өтуге болатын көше мен көлік тұрағын көрсетіп отырады. Аталған жобаны темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілер қолдайтынын айтуда.
Ал, ақпараттық тақтаның төменгі экранынан тұрғындар әлеуметтік ролик тамашалай алады. Қазір мұнда "ЭКСПО - 2017" көрмесіне арналған бейнематериал көрсетілуде. Бұдан бөлек, ол бейнебақылау камерасы орналасқан көше туралы мәлімдеме таратады.
«Меніңше, мұндай ақпараттық тақтаны Алматы қаласына орнату дұрыс. Өйткені алып шаһарда тіркелген көлік саны көп. Сондықтан мұнда кептеліс көп болады. Егер жүргізушілер көлік ағымының жылдамдығы туралы алдын ала мәліметпен қамтылса, олар өз бағытын ыңғайлы етіп жоспарлай алады»,- деді Алматы қаласының тұрғыны Анастасия ЛЕСКОВА.
Қосымша ақпар, жыл соңына дейін Алматыда «БРТ» жобасы, яғни жүрдек автобустар тасымалының жүйесі іске асады. Қоғамдық көлік арнайы салынған жолақпен жүреді. Алдымен "БРТ" жүйесі Орбита ықшам ауданы мен қаланың шығыс аймағына бағытталатын автобустарға енгізіледі. Қазір аталған жобаның сметалық құжаты дайын көрінеді. Осылайша қала тұрғындарына жайлы әрі логистикалық ыңғайлы көлік ұсынылмақ.