$ 443.35  475.54  4.82

Ғалымқайыр Мұтанов: «ҚазҰУ – ЖОО арасында грант бойынша көшбасшы»

Бүгін Алматыда  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мутанов қатысуымен «Оқу орнына бөлінген гранттар саны. Рухани жаңғыру - болашақ кепілі» деген тақырыппен баспасөз жиыны өтті.

Ректордың айтуынша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі жоғары оқу орындары арасында мемлекеттік білім гранты саны бойынша көшбасшы болып отыр. Мәселен, биыл оқу орнына 20 мың қосымша грант бөлінген.

– Қосымша гранттан бөлек, халықаралық әл-Фараби олимпиадасының жеңімпаздарына арналған грант саны 3 есеге ұлғайды. Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттерді қолдау мақсатында 180 миллион теңге қаржы бөлінді, - деді Ғалымқайыр Мұтанов.

Оның айтуынша, жыл сайын жағдайы төмен отбасынан шыққан талантты студенттерді қолдау мақсатында университет тарапынан 180 миллион теңгеге дейін қаржы бөлінеді екен. Оған Президенттің қайырымдылықпен айналысу үндеуіне орай университеттің қалталы түлектері және басқа да серіктестер қатарынан демеушілер үлес қосады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің үздік екенінінің бір кепілі - алыс және жақын шетелдің 300-ден астам талапкері ҚазҰУ-ға түсу үшін университеттің онлайн жүйесі арқылы тіркеліп, құжаттарын тапсырған. Олар растау алды, ендігі кезекте ЖОО-ға қашықтықтан қабылдана алады. Қызметтің бұл түрін Бразилия, АҚШ, Франция, Германия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан және тағы басқа мемлекеттердің азаматтары қолданып үлгерген.

– Жалпы жаңа оқу жылында 600 шетелдік студентті қабылдау күтілуде. Үлкен сұранысқа ие мамандықтардың қатарында: жалпы медицина, ақпараттық жүйелер, халықаралық қатынастар, менеджмент, биотехнология, қазақ және орыс тілдерін оқу. Сонымен қатар, 6,6 мыңнан астам мектептің үздік түлектері ҚазҰУ-ды таңдап, мемлекеттік білім грантына ие болған, олардың едәуір бөлігі «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, - деді ректор.

Сонымен қатар, ол соңғы 5 жылда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағы 40%-ға өскенін айтып өтті. Оның сөзінше, аумақтың басым бөлігі мемлекеттік-жеке меншік серіктестік қағидасындағы әлеуметтік нысандарға бөлінген. Оның ішінде магистранттар мен докторанттарға арналған 500 орындық жаңа жатақхана бар. Мұндай тәжірибе мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде жалпы аумағы 31 мың шаршыны құрайтын 1287 орындық студенттік жатақхананы салуға жол ашқан.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Оксфорд университеті (Ұлыбритания) арасында ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастық кеңейтілетін болады.  ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтановтың Оксфорд университетіне жұмыс сапары барысында келісімге келді. Жоғары білікті мамандарды даярлау мақсатында ҚазҰУ-дың ең үздік магистранттары мен докторанттары «Ғылымға кіріспе» бірлескен білім беру бағдарламасы аясында Оксфордқа оқуға жіберілетін болады.

Ақбота  МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары