Жезқазған қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен «Жезқазған жастар одағы» ҚБ «Жомарт жүрек» қалалық меценаттар форумын ұйымдастырды.
Туған өлкеге деген сүйіспеншілік арқылы Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген негізгі мақсаттарды жүзеге асыруға жаңа серпін беру, ғылым мен білім, өнер, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы азаматтық бастамаларды күшейтуге ықпал жасау, қайырымдылық жасаудан жалықпаған жандардың үлгілі ісін насихаттауды мақсат етті. Шараға аймағымызда айтулы бастамаларымен елдің алғысын арқалап жүрген жомарт жандар мен қала басшылығы, ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер, ақпарат құралдарының қызметкерлері арнайы шақырылды.
Форумға қатысушыларды қала әкімінің орынбасары Аманғали Мұхамбедин құттықтап, игі бастамаларға демеушілік жасап жүрген жандарға алғыс білдірді.
«Жомарт жүрек» жобасы аясында белгілі 10 меценатымыз арнайы номинацияларға ие болады. Ұйымдастырушылардың ұйғарымы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының «Атамекен» номинациясымен ҚР Дизайнерлер одағының мүшесі Виталий Хлебов марапатталды. Виталий Хлебов өзі тұратын аулада балалар алаңын ертегілер еліне айналдырып, көршілеріне керемет тарту жасаған азамат. Шығармашылығы сан қырлы, суретші ретінде де, ағаш шебері ретінде де, кез-келген материалмен, сүйекпен, терімен, металлмен, ағашпен, таспен жоғары деңгейде жұмыс істейтін Виталий Николаевичтің жалпы Қазақстанның, оның ішінде, Ұлытау-Жезқазған өңірінің табиғатын, тарихын сипаттайтын еңбектері де аз емес.
Ал, «Қоғамның таңдауы» аталымын қалалық мәслихат депутаты, «Юникс» ЖШС директоры Сергей Сурнин иеленді. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, қалалық мәслихаттың бірнеше шақырылымына депутат болып сайланған Сергей Сурнин 15 жылдан бері қайырымдылықпен айналысып келеді.
«Аялы алақан» арнайы номинациясымен қаламыздағы «Элита» сұлулық салонының басшысы Жылқыбай Исимов марапатталды. Жылқыбай Ғалымұлы 4 жылдан артық уақыт аз қамтылған отбасылардың балаларына, мектеп интернат тәрбиеленушілеріне шаштараз қызметімен қамқоршылық көмек қолын созып келеді.
Тағы бір аталым «Мейірімді жан» арнайы номинациясымен «Мейірімді жүрек» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльвира Алпанбаева марапатталды. Төрт жылдан бері қоғамдық бірлестік үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру, аймақта қайырымдылық шараларын ұйымдастыру бағытында жемісті еңбек етіп келеді.
«Армандарға жол ашқан» арнайы номинациясымен спорт жанашыры, жеке кәсіпкер Бауыржан Мұқашев марапатталды. Бауыржан Тортайұлы – өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануы үшін, бұқаралық спорт түрлерін дамыту және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында 79-орамда орналасқан спорттық кешенді сатып алуға қаржы бөліп, туған жерге деген өзінің азаматтық ұстанымын танытып келе жатқан абзал жан. 10 жылдан астам спорт шеберлерінің жеңіс тұғырынан көруінуіне өзіндік үлес қосып келеді.
«Жүректен жүрекке» арнайы номинациясымен спорт жанашыры, әлеуметтік жобалардың жетекшісі, кәсіпкер Бауыржан Искаков марапатталса, «Туған жер» арнайы номинациясын Бекзат Үмбетов иеленді. Бекзат Үмбетов – бүгінде туған жерге деген қамқорлығымен халықтың қошеметіне бөленген жан. Бекзат Сейтжанұлы көптеген қайырымдылық шараларына қатысып, туған жері Теректі ауылының гүлденуіне өзіндік үлес қосып келеді.
«Асыл адам» номинациясымен «Мейірімді асыл адам» қоғамдық қорының төрағасы, жас та болса игі істердің жаршысы болып жүрген, бүгінде республикаға танымал жас меценат Көңілбай Шүкенов марапатталды. Көңілбай Шукенов – баспанасы жоқ мұқтаж жандарға, табиғи апат салдарынан үйсіз қалған отбасыларға өз қорынан үй салып, ішін жиҺазға толтырып жәрдем қолын созып жүрген меценат. Осы күнге дейін Көңілбайдың көмегімен 40 отбасы баспаналы болса, 32 отбасының баспанасына жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Көңілбай Қалдыбекұлы – «Алло, не керек?» әлеуметтік жобасының негізін қалаушы.
Қайырымды жандарға табысталған арнайы сыйлықтың тағы бір аталымы «Әлеуметтік саланы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен жеке кәсіпкер, «Мәдина» мейрамханасының директоры Фарида Дәулетбаева марапатталды. Фарида Рамазанқызы өз кәсібін 90-жылдары шұжық өнімінің бір-екі түрін өндіруден бастаса, бүгінде өзі өндіретін өнімдерінің қатарын нан-кондитерлік тағам түрлерімен толықтырды. Фарида Даулетбаева «Қанатты әйел», «Дастархан-Қарағанды» сынды облыстық, республикалық деңгейдегі көрмелерде өнімдерін ұсынып, бірнеше дүркін жеңімпаз атанды. Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында бүгінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген ол «Жақсылық жаса» ұранымен аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға қол ұшын беріп, бірнеше қайырымдылық шаралардың ұйытқысы болып келеді.
Айтулы сыйлықтың «Жомарт жүрек» номинациясымен «Ютария» ЖШС директоры Сәуле Шәуенова марапатталады. Сәуле Бақтайқызы – тек Жезқазған аймағына ғана емес, республикаға танымал кәсіпкер. Отандық жеңіл өнеркәсіптің көшбасшысына айналған «Ютария ЛТД» ЖШС бүгінде көптеген әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Компанияның бастамасымен Жезқазғанда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына арналған жатақхана толықтай жөндеуден өтсе, биыл балаларға арналған білім беру және дамыту орталығы іске қосылды. Онда жезқазғандық балалар IT сыныптардан тегін сабақ ала алады.
Шара барысында «Мектепке жол» акциясына үлес қосу мақсатында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне материалдық көмек көрсетілді.