Ақтөбе қаласының 12 мың оқушысы арнайы тест тапсырып, олардың ішінен өз-өзіне қол жұмсауға бейім жасөспірімдер анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласы бойынша оқушылар арасындағы қылмыс азаймай тұр. 2017 жылдың 6 айында 9 мектеп оқушысына қатысты 7 қылмыс тіркелсе, 2018 жылдың 6 айында 7 мектеп оқушысы 7 қылмыс жасады. 2017-2018 жылдары өз-өзіне қол жұмсауға бейім оқушыларды анықтау мақсатында арнайы тестілеу жүргізілді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, сенім телефоны да іске қосылып, психологтар жұмысын күшейтті.
Дегенмен, жоғары сынып оқушылары қатысқан тестінің нәтижесі мәз емес.
«Қаладағы 77 орта мектептің 12 мыңнан астам оқушысы тестілеуге қатысты. Сауалнамаға 14-16 жастағы балалар таңдап алынды. Нәтижесінде 183 бала тәуекел тобына кірсе, оның 66-сы - аса қауіпті жағдайда. Бұл балалар ата-аналарымен бірге қаладағы емханаларға, жалпы тәжірибелі дәрігерлерге жіберілді»,- деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Айсәуле Жақсыбаева.