27.08.2018, 13:54

Қоғамдық кеңестер диалог алаңына айналуда

Кез-келген дамыған елде мемлекеттік саясаттың өрістеуіне азаматтық қоғам өкілдері белсене қатысатыны белгілі. Сол себепті азаматтық қоғам мемлекетті басқарудың негізі болып табылады.

Бұл туралы Орал қаласында өткен БҚО қоғамдық кеңестерінің І мәжілісінде айтылды.

- Орталық, жергілікті атқарушы билік тапарынан қабылданған кез келген шешімді мемқызметшілер жүзеге асырады. Осы мемқызметшілерді азаматтық қоғам өкілдері бақылап, олардың атқарған қызметтеріне мориторинг жасап отырса, онда қоғам жүйелі дамитынын, әділеттік орнайтынын дүниежүзілік тәжірибе көрсетуде. Соған сәйкес Елбасымыздың тапсырмасымен республикамыздың түкпір-түкпірінде қоғамдық кеңестер құрылып, табысты еңбек етуде. Облысымыздағы 14 қоғамдық кеңес құрамында 360-қа жуық мүше бар. Олардың 77 пайызы азаматтық қоғам өкілдері,- деді жиында БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

БҚО қоғамдық кеңесінің, БҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықовтың сөзіне қарағанда, облыстағы барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрылғалы бері бюджеттік бағдарламалардың жобаларын, аумақтық дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылауға, бюджеттік және аумақтық бағдарламалардың орындалу барысын талқылауға, жұмыс нәтижелері туралы жергілікті атқарушы және өкілді органдар басшыларының есептерін тыңдауға белсене қатысуда.

-2016 жылғы жер реформасына қатысты мәселе бойынша 1 айда облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген 5 отырыс өткізілді, оған 300-ден астам адам қатысып, 116 адам өз-ой пікірлерін білдірді. Нәтижесінде отырыс қорытындыларымен Жер реформасы бойынша республикалық комиссияға 72 ұсыныс жіберілді. Облыс көлемінде жер реформасын талқылау бойынша жиындарға облыстық, Орал қалалық және аудандық қоғамдық кеңестердің мүшелері белсене қатысып, түсінік жұмыстарын жүргізуге ат салысты,-деді Ербол Ғұмарұлы.

Жиын барысында сөз алған БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Ақ отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Исқалиеваның айтуынша, кезінде «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң шыққанда қоғамдық ұйым өкілдері қуанышпен қабылдады. Себебі бұл иститут қарапайым халықтың үнін жоғары жаққа жетуіне үлес қосатынына үміт артты. Сол сенім ақталуда. Қоғамдық кеңестер диалог алаңына айналып келе жатыр.

Ернар ХАЙДАР