23 тамыз күні 13 жастағы Әділхан Қалин үйінен шығып кетіп, із-түссіз жоғалып кетті. Оны табу үшін қазір полиция мен ерікті азаматтар бесінші күн қатарынан Астанадағы «Көктал» шағынауданын іздеп жатыр деп жазады «NewTimes.kz».
«Ол 23 тамызда Құрбан айттың соңғы күні жоғалып кетті. Ол кешке үйден шығып кетті, бізге ешнәрсе айтпады, көршінің 10 жасар баласына кеттім деп кетті. Көршілердің айтуынша, олар аулада сөйлесіп отырған. Кейін екеуі де ізім-ғайым жоқ болған», - дейді Әділханның анасы Айгерім Қожабекова.
Оның айтуынша, баласы бұған дейін де үйден бір рет қашып кеткен екен.
«Ол өте ақкөңіл бала, кез-келген адаммен тіл табысып кетеді. Қыста конькимен сырғанап жүретін, жазда бассейнге барады. Қазір каникулдың кезі, не аулада балалармен ойнайды, не туыстардың үйінде жүреді. Ол бұған дейін досымен үйден бір рет қашып кеткен. Кейін екеуін бөлдік. Содан бері үйден рұқсатсыз ешқайда кетпейтін», - дейді ол.
Айгерім баласын іздеп балгердің қызметіне жүгініпті. Ол болса Әділханның тағы үш баламен бірге жүргенін айтқан. Куәгерлер болса баланың футбол ойнап жүргенін көрген екен. Алайда, ол маңайды бірнеше рет іздеген полиция жеткіншекті тапқан жоқ.
Әділханның ерекше белгілері: қара шашты, орта денелі, көздері де қара. Үстінде қара футболка мен сұр түсті спорттық шалбар болған. Оны көрген-білгендер болса +7 705 550 84 25; +7 778 590 06 22 номерына хабарласуын өтінеміз.