29.08.2018, 17:51

«Бәйтерек» мүгедек балаларды қоғамға бейімдеуде

Орал өңірінде «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі көпшілікке кеңінен танымал. Он екі жылдан бері олар мүгедек балалардың құқығын қорғап, оларды сауықтырумен айналысып келеді. Гемодиализ, диабет, жалпы аурулар бойынша арбаға таңылған жас ұрпақты қоғамның толық мүшесі екенін «бәйтеректер» дәлелдеп жүр.

- Біз жылына орта есеппен 900-ден астам психоневрологиялық патологиясы мен тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалармен жұмыс істейміз. Республикада алғашқылардың бірі болып орта мектептерде тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларға арналған сыныптар, психоневрологиялық патологиясы бар сәбилерге күндізгі орталық аштық. Бүгінгі таңда біздің қоғамдық бірлестіктің базасындағы ауыр патологиялы балаларға арналған стационар жұмыс істейді. Сонымен қатар қызметкерлерімізбен диабет және жалпы аурулар бойынша мүгедек деп танылған 162 балаға арнайы көмектер көрсетіледі. «Инватакси» қызметі де қарастырылған. Инклюзивті білім беру саласында да еңбек етудеміз. Тағыдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға тек мемлекет тарапынан емес, қоғамдық ұйымдар да, жеке адамдар да көмек қолын созып келеді. Мәселен, Қазақстандағы Германия елшілігі бізге шағын автобус сыйға тартса, даңқты жерлесіміз, Рио олимпиадасының чемпионы, белгілі боксшы Данияр Елеусінов сал ауруымен сырқаттанған балалардың емі үшін 10 млн. теңге берді. «Бота» және Болат Өтемісовтің қайырымдылық қорлары да көп көмек көрсетіп жүр. Биыл аутизмге шалдыққан балаларды сауықтыруға арналған «Асыл Мирас» орталығы ашылды. Мұның бәрі қоғамымызда мейірімділіктің барын көрсетсе керек, - дейді БҚО мүгедек балаларының «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Мирует Санкаеева.

Мирует Болатқызының бұл бағыттағы еңбектері мемлекет тарапынан ескерілмей қалған жоқ. Ол Елбасының, Білім министрлігінің Құрмет гармоталарымен марапатталды. Өңіріне «Әлеуметтік саланың үздігі» төсбелгісі мен «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерейтойлық медалін тақты. «Бәйтерек» 2017 жылы республика бойынша ең үздік үкіметтік емес ұйым атағын жеңіп алды. Сондай-ақ Дін және азаматтық қоғам министрлігінің, БҚО әкімдігінің, Орал қаласы әкімдігінің диломдары мен грамоталарымен де марапатталды.

Ернар ХАЙДАР.