03.09.2018, 17:28

Сарыағаш ауданында зорланды деген бала мектепке барды

ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкілі Сәуле Айтпаева Сарыағаш ауданы Абай ауылында зорланды деген кішкентай баланың қазіргі жағдайы туралы айтып берді деп жазады Zakon.kz.

Оның айтуынша, үлкен сынып оқушыларынан зәбір көрген бала мектепке барып, оқуын жалғастырып жатыр екен. Алайда, баланың болашағы үшін оның қайда және қандай мектепке барғаны айтылған жоқ.

«Бала оқып жатыр, мектепке барды. Жалпы, егер бір жамандық болса, біз ол туралы ақпаратты барынша таратып, проблеманы ушықтырып жіберсек, оның ауқымы да кеңейеді. Сондықтан, мен бұл баланың қай мектепке барғанын айта алмаймын. Баланың болашағы үшін бұл құпия күйінде қалу керек. Егер қайда екенін айтсақ тағы да жұрттар әркімнен бір күдіктене бастайды», — деді Сәуле Айтпаева.

Еске салайық, Сарыағаш ауданы Абай ауылында былтыр 7 жасар бала өзін зорлағаны туралы әжесіне айтқан болатын. Қарт кісі полицейлерге және немересі оқитын мектеп басшылығына шағымданғанымен, олардың ешбірі шара қолданбаған екен. Шара қолдану былай тұрсын, қылмысты жасырып, істі мүлдем жауып тастамақ болған көрінеді. Қазір олардың барлығы дерлік қызметтерінен шеттетілген, біразы мүлдем жұмыстан қуылған. Ал, сот болса 7 жасар баланы зорлады деп айыпталып жатқан 3 баланың екеуін жасы кішкентай болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Біреуінің үстінен жақын уақытта сот процесі басталады.