Батыс Қазақстан облысында діни экстремизм мен терроризмді алдын алу мақсатында жоспарлы түрде жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, облыстық Дін істері жөніндегі басқарма тарапынан ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, облыс орталығы мен аудандарда халықпен кездесулер өткізуде.
Облыстық Дін істері жөніндегі басқармасы Діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы Азамат Төлеповтің айтуынша, ақпараттық түсіндіру топтары халықтың бәрімен емес, тек теріс діни ағымдарға өтіп кеткен немесе өтуі мүмкін деген белгілі бір бөлігімен ғана жұмыс істейді және олардың діни сауатын арттырады.
«Жасыратыны жоқ, облыс аумағында әділет органдарына тіркелмеген діни бірлестіктер жұмысын жүргізіп келеді. Олардың әрекеті Қазақстан заңнамаларына қайшы. Тіркелмеген діни бірлестіктердің өкілдері осы заңды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліке тартылады. Мәселен, қазіргі таңда ішкі істер органдарының қарауында «Евангелия христиан баптистері», «Кришна танымы қоғамы» секілді тіркелмеген діни ұйымдардың ісі жатыр. Оларға салынатын айыппұл көлемі кем дегенде 240 мың теңгеден асады», - дейді А.Төлепов.
Жалпы, өңірде саяси және діни ахуал бірқалыпты. Облыс аумағында ешқандай діни текетірестер бүгінге дейін орын алмапты. Десе де, Батыс Қазақстан облысында радикалды діни ағымдарды ұстанатын тұрғындар әлі де аз емес. Олар құқық қорғау органдары тарапынан да, Дін істері жөніндегі басқарма тарапынан да бақылауда. Олардың әрбір іс-әрекеті сараланып, тексеруден өтіп отырады. Құқық қорғаушылар дәстүрлі емес исламды ұстанушыларды өз тізімдеріне енгізген. Сонымен қатар, өңірде имам-молдалар, теологтар және өзге де дін мамандары секталар мен теріс діни ағымдарда болып қайтқан азаматтарды оңалту жұмыстарымен айналысады.
Мәселен, биыл шілдеде Зеленов ауданындағы Асан мешітінде жергілікті ақпараттық түсіндіру тобы құрылды. Аталған топ бекітілген кесте бойынша 1 қыркүйекке дейін ақшам мен құптан намаздарының аралығында жамағатқа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта өзге топты да аудандарға жіберуді жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аталған мешітті қыркүйек айының соңына дейін бейнебақылау камераларымен жабдықталады.
Діни экстремизмді алдын алу мақсатында өңірде спорттық шаралар да ұйымдастырылып келеді. Мәселен, тамыз айында Ақжайық аудандық әкімдігі мен «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің және Ақжайық аудандық мешітінің бастауымен жергілікті жамағат арасында волейболдан жарыс өтті.