Мемлекет басшысы жариялаған бұл реформа жаһандық кризис жағдайында, әлемдік саяси және экономикалық тұрақсыздық кезінде өз уақытында қабылданған шешім болып табылады. Жуырда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Ғаламат» қоғамдық бірлестігімен бірлесе Ұлт жоспарын іске асыру бойынша бірінші институционалдық реформасын түсіндіру бағытында Түркістан, Кентау қалаларының халқымен кездесті.
Аталған іс-шара «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 1-ші институционалдық реформа аясында «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» тетігінен бастау алған 15 қадамның негізгі қағидаларын түсіндіру, жұртшылықпен пікір алмасуды мақсат тұтады.
Кездесу кезінде департаменттің Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Қ.Құлажанов, департаменттің бөлім басшысы Г.Мұсабекова баяндамалар жасады. Тыңдаушыларды бес институционалдық реформаны жүзеге асыру тетіктері және міндеттерімен, сондай-ақ бірінші «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағытымен таныстырды. Мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі туралы айтылды. Сонымен қатар, департамент және «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру мақсатында, қоғамдық бірлестіктің төрайымы Д.Маманова «Біртектілік және бірлік» тақырыбында баяндама жасады.
Іс-шара қатысушылары Мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалдық реформаның іске асатынына, Қазақстанның тәуелсіздігіне қызмет ететініне, ұлтаралық татулық және азаматтық қоғамды сақтауға өз үлесін қосатынына, демократиялық қоғам құруда Қазақстандықтарды шоғырландырып, біріктіретініне сенімді екендіктерін жеткізді.