03.08.2018, 13:55

Алматыдағы жаңадан үш метро станция салуға 100 млрд теңге жұмсалады

100 миллиард теңге. Алматы метросының «Сарыарқа», «Достық» және «Қалқаман» бекеттерінің құрылысына осынша қаражат жұмсалады. Алғашқы екеуі 2021-ші жылы пайдалануға беріледі дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазір «Қалқаман» бекетінің жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр, оның құрылысы 47 миллиард теңгеге бағалануда. Ал келешекте салынатын автобекет стансасы қаланың транспорт хабына айналады. Бұл Алматыға келетін көлік нөпіріне және кептеліске оң әсерін тигізеді.

Алматы метросының «Қалқаман» бекеті құрылысы үшін 152 жер теліміндегі ғимараттар сүріледі. Бұл мақсатта мемлекет қазынасынан 47 миллиард теңге бөлінген. «Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны өкілдерінің айтуынша, «Жайлау» ықшамауданының тұрғындары қарсылық танытып, мекеме атына хат жазған. Бұл мәселемен қазір Жер қатынастары басқармасы айналысып жатқан көрінеді.

«Жайлау» ықшамауданындағы 15 жер телімі сүруге жатады. Жерасты жолы Абай даңғылымен өтетіндіктен, техникалық талаптарға сәйкес туннель жиегі кемінде 40 метрді құрауы керек. Тұрғындар шағымдарын хат арқылы көрсетті. Қазіргі уақытта бұл мәселе қаралып жатыр. Қалалық Жер қатынастары басқармасы аталған учаскелерді сатып алады», – деді «Метрополитен» КМК Күрделі құрылыс қызметінің бөлім басшысы Мақсат СЕЙТҚҰЛОВ.

Қазір «Қалқаман» бекеті бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті сараптама жасалған. Ал салынып жатқан «Сарыарқа» және «Достық» стансалары 2021-ші жылы өз жұмысын бастайды. «Алматыметроқұрылыс» мекемесінің мәліметінше қос бекеттің құрылысына 67 миллиардтан астам қаражат бөлінген. Биылға 9 миллиард теңге бөлінсе, оның 5 миллиарды игеріліпті.

«Бұл сомаға техникалық қадағалау, жобалау, құрылыс жұмыстары сияқты барлық шығындар кіреді. Аталған стансалардың құрылысы басталғалы, яғни 2015-ші жылдан бастап, 25 миллиард теңге игерілді», – деді «Алматыметроқұрылыс» АҚ Өндірістік техникалық департаментінің директоры Жамиля АРЫСОВА.

Мекеме өкілдері қос стансаның халық игілігіне берілуі тікелей қаржыға байланысты екенін алға тартты. «Сарыарқа» мен «Достық» бекетінің жалпы ұзындығы 3 шақырымнан асып жығылады. «Сарыарқа» бекеті бірінші, үшінші, бесінші, жетінші шағын аудандардың аумағын қамтыса, «Достық» бекеті Жетісу және Мамыр ықшамаудандарының тұрғындарына ыңғайлы болмақ. Жаңа бекеттер пайдалануға берілсе, тәулігіне 85 мың жолаушы діттеген жеріне ыңғайлы әрі жылдам жете алады. Сәйкесінше, «Абай» бекетінің жүктемесі азаяды.