Жуырда мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті.
Бұл жолғы отырыста Сайрам ауданының әкімі У. Қайназаров пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ОҚО бойынша филиалының директоры Б.Тюмебаевтың 2014 жылы сыбайлас жемқорлыққақарсы күрес бағытындағы атқарған жұмыстары мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасы туралы есебі тыңдалды.
Жиында Уәлихан Қайназаров аудан көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысында жүргізілген жұмыстарды атап өтті. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлердің сапалық деңгейі төмендеп бара жатқанын ашына жеткізді. Себебі, мемқызметкерді болмашы қателігі үшін жұмыстан босату жағдайлары жиі орын алады екен. «Шыны керек, бүгінгі таңда жауапкершілік сезімі жоғары мемлекеттік қызметкер тапшы болып барады. Бұрындары конкурс жарияланғанда бір орынға 2-3 адам өтініш түсіретін. Қазір таңдау мүмкіндігі қалмады. Қарасаңыз кез келген ауданда 10-15 орын бос тұр. Меніңше, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа деген жауапкершілігі мен белсенділігін қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізу керек. Орнынан алып тастау оңай, бірақ оның орнын толтыру қиын. Сондықтан оларды тәрбиелеген дұрыс» деді ол.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ОҚО бойынша филиалының директоры Б.Тюмебаев мекемеде сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қызметкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы бөлім бар екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы бағытында жеңілдетілген несие берумен айналысатын бұл орталықта ең алдымен несиенің мақсатты пайдаланылуы тексеріледі. Қоғамдық кеңесті жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың депутаты, кеңес төрағасы Ә.Досболов серіктестік директорына тұрғындардың несие алуы барысында туындайтын мәселелері төңірегінде бірқатар сауалдар қойып, нақты жауаптар алды.
Басқосуда бұдан басқа ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының «Максимум» аймақтық инвестициялық орталық ЖШС-нің директоры Ж.Омаров пен аталған инвестициялық орталықтың еншілес мекемесі «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нің директоры Е.Қансейітовтің де өткен жылғы атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.