11.07.2015, 08:38

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жұмыстары басталды

Фото: 24.kz

Ұлт жоспары – қоғам мен мемлекетті қайта жаңғыртуға бағытталған, одан әрі дамуға бастайтын құжат.

Ел келешегінің табысты болуына жетелейтін бұл құжат ағымдағы тарихи сатыда еліміз үшін айрықша және жоғары стратегиялық құндылыққа ие деп есептеймін. «100 нақты қадамның» қай-қайсысы да өзекті мәселелерді қамтыған. Басты назар – кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағыт­талғанын ерекше айта кету керек. Себебі, өз ісін жетік білетін, білімді әрі білікті, талантты, өз мамандығына адал мемлекеттік қызметшілер елге қызмет етпейінше, бұл реформаларды сапалы жүзеге асыру мүмкін емес.  Биік белестерді бағындыра отырып, дамудың нақты бағдарлары және айқын да салмақты стратегияларды белгілеп алға ұмтылып, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ену үшін қажырлы да жасампаз еңбек ету қажет. Бұл жан-жақты даму Қазақстан халқын өмір сүрудің жаңа, жоғары стандарттарына жақындатады. 

Елбасы Н.Назарбаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде «...Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары бiз егемендi мемлекеттiң негiздерiн қаладық. Бұл мемлекеттi қалыптастырудың алғашқы кезеңi болды. Осыдан кейiн бiз қалыптасқан мемлекеттiң жолынан өттiк, бұл екiншi кезең едi. Қазiр үлкен реформалар басталып жатыр, бiз «Мәңгiлiк елге» жол саламыз. Бұл бiздiң мемлекеттiк құрылыстың үшiншi кезеңi болады» деді. Иә «100 нақты қадам» мен «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыру мен еліміздің мемлекеттілігін нығайтуға, негізгі бағыттан адас­пауға жағдай туғызатын үшінші кезең болып табылады. Сонымен реформа нәтижесінде әрбір кандидаттың жеке қасиеттерін бағалау үшін жаңа сынақтар енгізіледі. Сала мамандарын іріктеудің тәртібі күшейтіледі. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталады. Еңбек жолының төмен сатылардан басталуы лауазымды тұлғаның қандай қиындықта да оңтайлы шешім қабыдап, тығы­рықтан алуына, ұжымды ұйыта білуіне негіз қалайды. Мемлекеттік қызметшінің жұмысын бағалау үшін автоматтандырылған жүйенің енгізілуі құптарлық деп санаймын.

Барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданады. Осы заң қабылданғаннан кейін мемлекеттік қызметшілердің жалақысы екі бөліктен құралады, оның біріншісі – мөлшері бекітілген негізгі еңбекақы, ал, екінші бөлігі – жұмыс нәтижелері бойынша берілетін бонустар. Жаңа этикалық ережелерді енгізу мәселесі де пісіп-жетілді. Мемлекеттік қызметшінің моралдік бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, оның айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Осы бағытта жүзеге асырылатын жұмыстардың ауыр жүгі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіне түсетін болады. Агенттік «бірыңғай рекрутингтік орталыққа» айналады, содан соң барлық мемлекеттік органдар үшін қызметкерлерді Агенттік өзі іріктеп беріп отырады. Жалпы Агенттіктің рөлін барынша арттыру көзделуде.

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Осы құбылыспен күресу туралы 13 қадамда: «Жем-қорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа  заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» қажеттігі көрсетілген. Бұл ұйым жемқорлыққа жол беретін командалық ауыс-түйісті болдырмауға және қызметтік іс-әрекет жетістіктерінің «жадын» сақтап қалу үшін қажет деп ойлаймын.

Ұлт жоспарының 3-қадамындағы «....мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу рәсімін орталықтандыру. Үш сатылы іріктеу жүйесін енгізуге» деген мәселеге байланысты айтарым мынау: Мемлекеттік қызметте бүгінгі таңда кәсібилік аса қажет болып отыр. Себебі, мемлекеттік аппаратта қабылданатын шешімдер салиқалылықты, жауапкершілікті, тәжірибелілікті қажет етеді. Меритократия қағидаттарын қорғауда жұмысты жүйелендіру аса маңызды. Меритократия барлық мемлекеттік секторларға негізгі қағидат болуы тиіс деп есептеймін. Жергілікті жерлерде кәсіби мемлекеттік аппарат жақсы жұмыс істейтін болса, онда арыз-шағымдар орталыққа ағылмас еді. Әрбір мемлекеттік қызметшінің еңбек нәтижесі және жұмыс ауқымына қарай ақы төленетін болатын болса, сонымен қатар, қызметтік пәтер берілсе, онда қызметкер еш нәрсеге алаңдамай, өз жұмысына құлшына кірісіп, зор жауапкершілікпен  атқарады.

Айта кету керек, қазіргі таңда облысымыздағы 567 мемлекеттік органдар қызмет атқаруда, оның ішінде, жергілікті атқарушы органдар – 403, аумақтық мемлекеттік органдар – 147 және өкілді органдар – 17. 2015 жылғы алғашқы 6 айдың қорытындысы бойынша облысымызда мемлекеттік қызметшілердің саны 8700 адамды құрайды. Оның ішінде, саяси мемлекеттік қызметшілер саны – 7,  «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері – 25 адам. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Республикамызда халық санын бір мемлекеттік қызметшіге шаққанда 171,6 адамды құрайды. Ал, тиісінше Оңтүстік Қазақстан облысында халық саны – 2 миллион 788,7 мың адам, яғни бір мемлекеттік қызметші 320 адамға қызмет жасайды екен.

Жыл басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік органдар 740 бос лауазымдарға конкурс жарияланды. Жарияланған бос лауазымдарға 1 131 үміткер қатысқан (1 орынға – 1,5 үміткерден), алайда 484 ғана жеңімпаз анықталған. Яғни, 740 бос лауазымның 256-сы бос күйінде тұр.

Ағымдағы жылы Тәртіптік кеңесте 54 тәртіптік іс қаралған болса, оның ішінде Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін – 20, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзғаны үшін 10 қызметшіге тәртіптік шара қолданылған. Ал,  қызметіне толық сәйкес еместігі туралы 7 ескерту берілсе, 3 адам қызметінен босатылған. Сыбайлас жемқорлық фактілерінің айтарлықтай көп бөлігі білім саласы мен құқық қорғау органдарында орын алуда. Жең ұшынан жалғасқан жемқорларға қарсы күрес жандана түсті. Ол халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін көтерілуінің нәтижесі екенін атап өту керек.

Әр өңірдің өз ерекшеліктері бар. Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызметшілерінің арасында еңбегіне адал, орындаушылық қабілеті жоғары мамандар баршылық. Бірақ жемқорлықты бизнеске айналдырғысы келетіндердің ұшырап отырғандығы көңілді қынжылдатады. Оларды дер кезінде ауыздықтап отыру үшін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестат­таудан өткізіп отыру қажіт.

Қорыта айтқанда Ұлт жоспарын шынайы өмірге ұластыру мемлекеттік қызметшілердің басты міндетіне айналуы тиіс. Қазір бұл бағытта ауқымды істер қолға алынуда деп сеніммен айтуға болады.

Мұрат АХМЕТОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

ОҚО бойынша департаментінің басшысы