$ 494.87  520.65  4.91

Жемқорлықпен күрес - тұтастай қоғамның міндеті

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес Мемлекет басшысының бір сәтке де назарынан тыс қалған емес. Қылмыстың бұл түрі мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді» деп есептейді  ОҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық  сотының приставы С. Ордабек.

- Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы 1998 жылы 2 шілдеде қабылданғаны белгілі. Содан бергі уақытта елімізде жемқорлықпен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстарының нысандылығы мен тиімділігі  Елбасының жеке бақылауында тұр, -- дейді сот приставы.

Жуырда Президент Н. Назарбаев  бес институттық реформаны  жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамын жарияланды. Ондағы 13-қадамында «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» қажеттігін атап өтті. Мұның алдында өткен жылдың қарашасында Мемлекет басшысының төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының  2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы қабылданған болатын. Одан соң, аталған бағдарламаны іске асырудың кәсіби механизмі ретінде Жемқорлыққа қарсы жол картасы әзірленді және қабылданды. Ал, желтоқсанда Президент Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын бекітіп, оны орындау мақсатымен Үкімет 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдады.

- Бірқалыпты, дұрыс, таза қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына  жол ашады.  Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес,  тұтастай қоғамның міндеті мен борышы, - деп атап өтті ОҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық  сотының приставы С. Ордабек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары