12.09.2018, 09:49

«Тамырлары шаншылған қызымның өлі денесін қайтарды»: Шымкентте дәмханадан тамақтанған қыз ауруханада көз жұмды

Шымкентте дәмханадан тамақтанғаннан кейін ауруханаға түскен кішкентай қыз қайтыс болып кетті. Бұл қайғылы оқиға жайында өз Facebook- парақшасында жазған қыздың анасы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне наразылығын білдірді.

«Мен Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы жайында айтқым келеді. Менің есімім –Амина Өтегенова, қайтыс болған Гүлзаданың анасымын. Біз сенбі күні дәмханаға барып, ол жерде пиде және банан қосылған сүтті коктейль іштік. Бұл 8 қыркүйекте болған оқиға. Соның ертесінде сағат таңғы 06.30-да қызым екеуміз құса бастадық. Жедел жәрдем шақырып, сағат 10:00 шамасында ауруханаға келдік. Мені үлкендер жататын бөлімге, қызымды балалар бөліміне алып кетті. Анам ауруханаға жатқызудан бас тартып, үйге қайтып кеттік. Алайда, сағат 14:30-да қайтадан жедел жәрдем шақырғанымызда, олар денсаулығында ешқандай қауіп жоқ екенін айтып кетіп қалды. Қызымның жағдайы нашарлап, ауруханаға біз 16:30 шамасында қайта бардық. Ол жерге орналасқанша кеш болып кетті. Екпені сағат 19:30-да салды. Бірақ таңғы 07:00-де қызымның температурасы бірден түсіп кеткен. Мұның алдында температурасы жоқ еді, тек іші өткен болатын. Температурасы 35.08-ге дейін төмендеген. Реаниматолог дәрігері тағы екпе алдыртты. Содан кейін кешке сағат 19.00 кезінде қызымның аяқ-қолы суып, қимыл-қозғалыссыз қалды. Кезекшіліктегі дәрігер қызыма ыстық шәй беріп, үстіне жылытқыш басу керектігін айтты. Бірақ сол уақытта қызымның демалуы қиындай түсті. Содан жан сақтау бөліміне ауыстырылды. Ол жақта бүйрегі дұрыс жұмыс істемей, жүрегі де әлсіреген. Соңында жүрегі ауыртпалықты көтере алмаған», – дейді әйел.

Дәрігерлер Аминаны аман алып қалғанымен, қызының өмірін сақтай алмапты. Оның айтуынша, Гүлзаданың анықтама қағазына аурухана қызметкерлері бас-ми ісігі, септикалық шок, сепсис ауруы деп жазған.

«Дәрігерлердің қаннан тарайтын ауруды қайдан жазып бергенін түсінбеймін. Олар анализді қай уақытта алып үлгерді? Айтуынша, қызым сағат 22:40-та қайтыс болып кеткен. Бірақ маған 00:15-те ғана хабарлады. Тамырлары шаншылған, кеудесінде көгерген із бар. Қызымның суық өлі денесін сағат түнгі 03:00-те қайтарды. Денесіне медициналық сараптама жасатуға болады дейді, бірақ қызымның денесін кесуге бермедім. Өйткені ондағылар да бәрібір осы диагнозды қоятнына сенімдімін. Міне, ҚР-ның Денсаулық сақтау министрлігінің хаттамасы осылай толтырылады екен», – дейді өзегі өртенген Амина.