$ 489.06  536.21  5.05

Бауыржан Байбек: «Белгіленген мерзім былай тұрсын, бірде-бір учаскеде жұмыс сапалы атқарылмаған»

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың жаяу жүргінші инфрақұрылымын реконструкциялаудағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасын тексерді. Мегаполис басшысы қаланың бірқатар даңғылдары мен көшелерін аралап шығып, мердігерлік ұйымдар басшыларына нақтылы ескертулер жасады.

Жұмыс сапары барысында қала басшысы Абылай хан даңғылына қайта жасау жұмыстарын жүргізген «Элитстрой» құрылыс компаниясының еншілес ұйымын қатаң сынға алды.

«Белгіленген мерзім былай тұрсын, бірде -бір учаскеде жұмыс сапалы атқарылмаған.Кеспе тастар иіріліп төселінген, тротуарлар мен қозғалыс аймағы түйіспейді. Ал «Алматы 2» теміржол вокзалының айналасын екі ай бойына реттей алмай келесіңдер. Қауіпсіздік бөлігі жасалмаған, судан арылту қарастырылмаған. Жастар театры алдындағы жұмысты маусым айына бастасаңдар да күні бүгінге дейін аяқтаған жоқсыңдар. Сендер өздерің өз компанияларыңның беделіне нұсқан келтірудесіңдер. Кемшіліктерді түзетуге екі ай мерзім беремін», - деді ол компания директоры Алексей Балаганскийге.

Олай етпеген жағдайда бұл ұйым жауапсыз компаниялар тізіміне енетін болады.

Қала басшысы атап өткендей, құрылысты ұйымдастыру жұмыстары да сын көтермейді. Жаяу жүргіншілер мен көліктердің қауіпсіз қозғалуы үшін қарапайым жағдайлар жасалмаған.

«Жерді қазған кезде адамдар қалай жүреді деп ойлау керек қой. Алдымен жағдай жасау қажет. Міне, мына жерде газ желілері ауыстырылған, тротуардағы ескі құбырлар әлі күнге дейін алынбаған», - деп сын айтты Бауыржан Байбек Абылай хан даңғылын Құрманғазы көшесінен төмен учаскеде аралаған кезде.

Ол мердігерлердің назарын көп жерлерде газонның бордюр деңгейінен жоғары тұрғанына да аударды.

«Арықтардың жиегіне рулонды газондар төселіпті. Сапасыз жасалғандықтан ол қазірдің өзінде құлап жатыр, ал қар тазалағанда не болмақ. Бұлардың барлығын қайта жасайсыңдар. Учаскелердің көбінде олар бордюрден жоғары тұр. Ертең лайдың барлығы тротуарлар мен арықтарға жайылады ғой», - деп реніш білдірді қала әкімі.

Қаланың Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов даңғылды жаңғырту кезінде жіберілген олқылықтардың толық жөнделгенін, ал компанияға кемшіліктерді түзету туралы ескертпе берілгенін айтты. Ескертпелер орындалмаса тиісті айыппұл санкциялары салынады.

«Жұмыс әлі қабылданған жоқ. Демек, барлық кемшіліктер жойылып, жоба толық көлемінде сапалы атқарылмайынша жұмысқа ақы төленбейтіні белгілі» - деді ол.

Бұрындары Бауыржан Байбек Республика Сарайы алдындағы Абай алаңына тротуар плиткасын төсеуде жіберлген кемшіліктерді түзетуді тапсырған болатын. «ТРИА Холдинг» мердігерлік ұйымының басшысы Михаил Чикаев компанияның барлық олқылықтарды орнын толтыратынын айтты. Оның үстіне жұмыс қала тұрғындарына қолайсыздық тудырмайтындай етіп ұйымдастырылған.

Еске салсақ, биылғы жылы Алматыда реконструкция аясында қаланың бірқатар даңғылдарында жаяу жүргінші кеңістігі кеңейді. Асфальттың орнына кеспе тастар төселді. Диодты жарық көздері, жаңа бағдаршамдар орнатылып, жаңа фонтандар салынды. Ғимараттардың сырты мен кіре берістері жаңарды. Қазан айында жаңарған даңғылдарға жасыл желектер мен ағаштар отырғызылады.

Жалпы, Алматыда 524 көше жөнделді,1400 ескі аулалар жаңарды. 300 км арықтар салынды және жөнделді, 800 км инженерлік желілер тартылды.

Қаланың барлық өтпелі жолдары жаңарды. Жыл аяғына дейін қаланың барлық жарық көздерінің үштен бірі жарық жарық диодты және энергия жинақтаушы шамдарға ауыстырылады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары