18.09.2018, 18:01

ШҚО-да жыл басынан бері 100-ден астам сәби шетінеп кеткен

Шығыс Қазақстан облысында ана мен бала өлімінің көбейгені сонша, Денсаулық сақтау вице-министрі облысқа арнайы барып, тексеру жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері 100-ден аса нәресте шетінеп кеткен. Мамандар бала туу көрсеткіші де азайып келеді деп дабыл қағып отыр. Ал өздігінен сәби сүйе алмаған жандардың қайғысы бастан асады. Сәбилерін сағына күтіп, жасанды жолмен нәресте сүйгісі келгендер нәтиже болмай тұрғанын айтады.

Биылғы жылы облыс аумағында аяғы ауыр үш әйел қайтыс болған. Еліміз бойынша да бұндай қайғылы жағдай жиілеп тұр. Вице-министр оның негізгі себебін түсіндіре кетті.

«Ана өліміне байланысты акушерлік қан кету жағдайы ең жиі кездесетін себептердің бірі болып отыр. Сондықтан медициналық мекемелерде медициналық көмектерді көрсету жолдары ізгілендірілуде. Мұндай жағдайға қашан да дайын болу жағы пысықталуда. Әрбір мекеме басшысы күнделікті кемшіліктерді анықтап, қателіктерге жол бермеуі үшін қызмет етулері қажет», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Сонымен қатар, шығыста нәрестелердің өлімі де жиілеп кеткен. Жергілікті сайттардың бірі статистика департаментінің берген мәліметіне сүйеніп, бірінші жарты жылдықта 105 нәрестенің шетінеп кеткенін жазды. Осыған байланысты облыстың бас дәрігері бала өліміне қатысты ақпаратты айтқысы келмеді ме, әлде шынымен де білмей ме - жауабын кейін беруге уәде етіп, қысқа қайырды.

Ал, өздігінен бала сүйе алмаған аналар жасанды жолмен ұрпақ көру үшін кезек күтіп әлек. Айнұр Қыдырбекқызы есімді Риддер тұрғыны арнайы квотаны 7 жыл тосыпты. Айтуынша, қызметтің бұл түріне ақылы түрде жүгінуге қарапайым жандардың қалтасы көтермейді. Алайда, көңілінде үміттен гөрі күдік басым. 

«Ол 100 пайыздық кепілдік бермейді дейді. Кейбірінің балалары түсіп қалып жатыр. Ал, ақысын төлеу үшін ақшаны несиеге алған. Енді не бала жоқ, не ақша жоқ, құр босқа несие төлеп отыр», - дейді Айнұр Қыдырбекқызы.

Қазір Айнұр секілді 657 ана квота алу үшін кезекте тұр. Биылғы жылы бөлінген квотаның саны небәрі 65 қана.

Дереккөз: 31-арна