14.09.2018, 11:55

Отбасы - қоғамның бір бөлшегі

Тасқала аудандағы «Руханият» қоғамдық бірлестігі - отбасылық құндылақтарды насихаттау, жанұядағы тату тірлікті сақтауға үлес қосу, жас шаңырақ иелерін қолдау бағытында жұмыс істеп жүрген ұйымның бірі.

Таяуда бұл бірлестік Тасқала аудандық кітапханасында «Отбасы – бақыт мекені» атты шара ұйымдастырды. Кешке ауданда өз жарасымдылығымен, татулығымен, өнерімен елге үлгі болып жүрген отбасылар шақырылды.

Шара «Бәрі де отбасынан басталады» атты кітап көрмесімен басталды. Содан соң сөз алған «Руханият» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуанғали Тыным отбасы адам баласының жанына жақын әлеуметтік ортасы, сондай-ақ ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың асыл мұрасы екенін айтты. «Отбасы — әр адамның шағын отаны. Ол қоғамның бір бөлшегі, ол бар жерде өмір бар» деді ол.

Қонақтар атынан аға буын өкілдері ретінде бірнеше жылдар мәдениет саласында қызмет атқарған Лұқпан Шөкеев пен ол кісінің жұбайы, білім саласының ардагері Райхан Мұхтарқызы ортаға шықты. Орта буын бойынша аудандық мешіттің бас имамы Айдын Ибрашев, ал жас толқын атынан өнерлі отбасы Алжекеновтер сөз алды. Олар кешегі мен бүгін замандағы отбасылық өмірдің ерекшеліктері, бақытты болудың сыры, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі туралы өз ойларын ортаға салды.

Кеште «Әке» атты бейнеролигі көрсетілді. Кітапхана оқырмандары, шараға қатысушылар аталмыш отбасыларға өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Ал кітапхана қызметкерлері «Отбасы - бақыт мекенін» қалай түсінесіз?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіп, жиналған жастардың ең әсерлі ой-пікірлеріне ынталандыру сыйлықтарын табыстады.

Кеш аудан өнерпаздарының шағын концертімен аяқталды.

Ернар ХАЙДАР