Жыл басынан облыста 199 жұмысшы өндіріс жарақатын алған, оның 15-і қаза тапқан. Бұл деректер облыстық Кәсіподақтар орталығында өткен актив жиынында айтылды деп жазады Altaynews.kz.
2013 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісі елімізде Еңбек күні ретінде белгіленген. Басқосу осы айтулы датаға орай ұйымдастырылды.
«Қазцинк» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрағасы Сергей Солдатовтың айтуынша, былтыр облыста өндіріс жарақатын 199 еңбеккер алған, өкінішке қарай оның 15-і қаза тауыпты. Кәсіпорындарда түрлі жарақаттардың көп болуына негізгі себеп – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, жұмысшыларға нұсқаулықтардың берілмеуі. Сергей Солдатов жазатайым жағдайларды қысқарту үшін кәсіпорындардағы техникалық инспекторлардың біліктілігіне жіті назар аудару қажеттігін жеткізді.
– Техникалық инспекторлар еңбеккерлермен қауіпсіздік туралы дәрістер өткізіп, ақыл-кеңестерін беріп, ескерту жасап жүрулері керек, – дейді ол.
Жиында сөз алған мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстық басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов жыл басынан бері өзі жетекшілік ететін ведомствоның еңбек ұжымдарындағы 417 бұзушылықты анықтағанын алға тартты.
Еңбек адамының құқығын бұзудың ең өрескел формасы – еңбекақысын толық төлемеу не болмаса уақытынан кешіктіріп төлеу.
– Облыста жыл басындағы жағдай бойынша еңбекақы берешегі 705 миллион теңгені құраған-ды. Инспекцияның араласуымен қазір бұл қарыздың 606 миллион теңгесі төленген. Қалған берешегі бар 6 кәсіпорнымен жұмыстар жүргізілып жатыр, – деді Бақытбек Қизатов.
Осы ретте атап өтерлік мәселе – көптеген жұмыс берушілердің еңбеккерлермен тиісті шартты жасаспауы. Осыдан келіп көптеген түйткілдер туындап жатады. Сол себепті әр азамат жұмысқа орналасқан сәтте еңбек шартының жасалуын қатаң талап етуі тиіс.
Осы ретте қазір Үкімет еңбек шарттарын электронды форматқа көшіруді бастап отыр, оның мақсаты – саладағы жариялылықты қамтамасыз ету.