30.09.2018, 16:32

Мал шаруашылығымен айналысу тиімді

Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағы Ақжайық ауданы Тайпақ ауылдық округіндегі Жүндіқұдық қыстағындағына әсер етпей қойған жоқ. Біраз жыл бос қалған бұл жердің бойына соңғы кезде қайтадан «қан жүгіре» бастады.

Көршілес Атырау облысы, Индер ауданынан қоныс аударып келген Кенған Шененов ұлдары Рүстем, Ерлан және Бақтыжанмен кеңесе отырып, қос бірдей, яғни «Дария» және «Заңғар» атты қожалықтар құрды. Сөйтіп, жылқы мен ірі қара өсіруді қолға алды.

«Дарияда» 134 асыл тұқымды ірі қара, 230 қылқұйрық бағылуда. Ал «Заңғар» шаруа қожалығында 25 ірі қара, 65 жылқы, 4 түйе жайлып жүр. Осы малдарды қыстату үшін биыл 1000-ға жуық тайланған шөп жинаған. Бір трактор, бір жеңіл көлік арқылы бүкіл шаруасын шырқ үйріп отырған қыстақтағылар алты ай қысқа қапысыз қамданған. Одан бөлек мұнда күн сәулесімен қуатталатын батареялар арқылы ток алып тұрған үйде мұздатқыштар, теледидар жұмыс жасап тұр. «OTAU TV» жерсеріктік «тәрелкесіне» де күн панельдерінің қуат-күші жетеді. Осындай берекесі бар баспана сайын даланың ортасынан көз тартады.

Енді Шененовтар мал бағуды оңайлату үшін ұзындығы 8 шақырымға дейін созылатын, ені 4 шақырымды құрайтын аумаққа екі қожалыққа ортақ «Электр бақташыны» орнатты. Бұл үлкен құрылғы да күн панелі арқылы қуаттанып, қоршау сымдарына әлсіз ток береді. Мал осы сымға жақындап кетсе, оны ток үркітеді. Сөйтіп, қоршаудан ешқайда «аттап» баспауға үйренеді. Әлсіз ток ірі қараға ешқандай зиян тигізбейді. Жүндіқұдықтағылар енді осында 100-ден астам бойдақ ірі қараны қар түскенше ұстамақ. Әрине, бұл орын жыл сайын ауысып тұрады, себебі, жайылым тиісті мезгілінде жаңарып тұру керек.

–Мал шаруашылығымен айналысу бүгінде тиімді болып отыр. Жылда болатын ұрлық-қарлықтың, ит-құстың кесірінен келетін бірен-саран мал шығынан есептемегенде, мың шүкір, ырысымыз бар. Ана өсіп жатқан немерелердің құты ғой бәрі. Еркек малды Тайпақ ауылының маңындағы тұрғындарға, Атырау облысына саттыққа шығарып тұрамыз. Болашаққа ауқымды жоспарымыз бар. Келер жылдан бастап тағы бір үлкен қора салып, мал бордақылауды қолға алмақпыз,-дейді Кенған ақсақал.

Ернар ХАЙДАР