02.10.2018, 06:00

Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет

Қаламыздағы «Ұлытау» мейрамханасында қарттар күніне орай ардагерлер мен зейнеткерлерге арнап ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.

БҰҰ Бас ассамблеясы 1990 жылы 14-желтоқсанда 1 қазанды қарттар күні деп атауға қаулы етті. Бастапқыда қарттар күнін Еуропада, сосын Америкада, ал 80-жылдардың соңында дүние жүзі бойынша атап өту дәстүрге айналды.

«Қариясы бар елдің қазынасы бар» дегенді ұстанатын қазақ халқы ата-әже, әке-ананың қадіріні жете түсіне білген. Үйдің үлкендерін төрге шығарып, олардың ақылын тыңдап, батасын алуға асыққан. Қала басшылығы да осы салттан танбай, қаланың ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналарына арнап мерекелік кеш ұйымдастырды.

Жүзге жуық ақсақал мен ақ жаулық әжеге арнайы дастархан жайылып, ас тартылды. Жастар қарттардың өнегелі сөздерін тыңдап, үлкендер олардың мерекелік концертін тамашалады. Қарияларды ең алғаш болып қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде қаланың бой көтеріп, қалыптасуында кенді аймақ ардагерлерінің еңбектері ұшан-теңіз екенін атап өтті.

Әр саланың ардагерлері жиылған дастарханда тек жақсы тілек пен шын алғыс айтылды. Қарттардың атынан Денсаулық сақтау саласының үздігі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Өмірбек Мұқанов, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, геолог Мұзараф Аханов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айып Байқасынов, Ішкі істер басқармасындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбек Мұқатаев, білім беру саласының ардагері Жібек Нүкейқызы өздерінің замандастарын айтулы мерекемен құттықтап, оларға зор денсаулық пен қажымас қайрат тіледі.

Т.Қалмағанбетов атындағы филармония әншілері, қаламыздың жас таланттары ата-әжелерінің көңілдерін көтеріп әуелеген әндерінен шашу шашса, «Шалқыма» ансамблінің мың бұралған бишілері өздерінің биімен жиналғандарды таң-тамаша етті.

Арайлым ЕРҚОҢЫРОВА