$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанның белсенді жастары Бурабай етегінде бас қосты

Жаһандану заманы. Әлем бір орында тұрмай, әр секунд сайын дамып жатыр. Көзді ашып-жұмғанша ғылым мен технология жан-жақты өзгерістерге ұшырауда. Ал, бұл ағынға ілесе алмасаң өркениетті елдердің қатарына қосыла алмайсың, бұл анық. Өйткені, жер қойнауың табиғи байлыққа толы болса да оны игерудің жолын білмесең өзгеге тәуелділігің арта түседі. Ал, игеру дегеніміз жоғары технологияларды жетік меңгеру деген сөз.

Осы жаһандану заманында Қазақстан жастарының ұстанған ұсанымдары, беттеген бағыты қандай болуы тиіс? Біз «болашақ жастардың қолында» дегенді жиі айтамыз, бірақ жастардың жолын нақты анықтап бере алдық па? Жастардың идеалы кімдер болуы керек, өскелең ұрпақ кімдерге қарап бой түзейді? Осы сұрақтардың жауабын іздеп, еркін пікір алмасу мақсатында Қазақстанның белсенді жастары Бурабай етегінде бас қосып, дәстүрлі «Жастар – Отанға» акциясын ұйымдастырды.

«Жастар – Отанға» саяси лагері осыдан он жыл бұрын «Жас Отан» жастар қанатының бастауымен қолға алынған болатын. Ал, биылғы шараның ерекшелігі сол, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен, яғни барлық облысынан ең белсенді, көшбасшы жас азаматтар қатысты. Олар елімізге белгілі қоғам қайраткерлерімен, халық қалаулыларымен және танымал кәсіпкерлермен кездесіп, жоғарыда аталған сұрақтардың жауабын бірге іздеп көрді.

Белгілі тұлғалардың қатарында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәу­лен Әшім­баев, Парламент депутаттары Бекболат Тілеуханов, Геннадий Шиповских, «Ұлттық аударма бюросының» атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, ҚР Қарулы Күш­тері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, журналист Шыңғыс Мұқан, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов, журналистер Әйгерім Есенәлі, Әнуарбек Жәлел, блогер Бужан Виталий, Аралас жек­пе-жек федерациясының президенті Асылбек Дүйсенов, Киберспорт федерациясының президенті Бауыржан Қасымбергебаев, «Қазақс­тан барысы – 2018» атағының иегері ­Ержан Шынкеев болды.

«Жастарға қазір мемлекетіміз тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп жатқанын бәріміз көріп отырмыз, өзіміз де соған үлес қосуға тырысып-бағып жатырмыз. Бастысы, осы сендер – белсенді жастар осыны сезініп, артылған үмітті ақтауларыңыз керек. Өзге қатарластарыңыз көштен қалып қоймасын. Жалпы, жетістікке жетудің сыры – еңбекқорлық пен табандылықта. Сендер көкке самғаған құс секілдісіңдер, қанаттарыңды қағуды тоқтатсаңдар ауада тұрып қалмайсыңдар, керісінше құлдилап жерге құлайсыңдар. Сондықтан, алған беттеріңнен қайтпай, тек алға жүрулерің керек», - деді депутат Бекболат Тілеухан Қазақстанның белсенді жастарына.

Ал Геннадий Шиповскихтің қара­пайымдылығы мен қазақ тіліне деген құрметі жастардың қызығушылығын оятты. ­Рауан Кенжеханұлы аударма мәселелері туралы сөз тарқатып, ендігі кезек танымал фильмдерде екенін, балалар әдебиетін қазақшалау әрбір маманның қолынан келетінін еске салды. Бұл – сұранысқа орай нақты ұсыныс.  Ал, бір мезетте 12 жасотандықпен шахмат ойнаған Дәрмен Сәдуақасовтың шеберлігіне талас жоқ. Жалпы, жастармен ой бөліскен әрбір тұлға жетістікке жету тарихын баяндады және өз саласы бойынша мықты болудың жолын ұсынды.

Лагерьдің алғашқы күні «Нұр Отан» партия­сы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Сағатханұлымен кездесу барысында жастар ұйымының төрағалары ұлттық патриоттық актіге қол қойды.

Сондай-ақ, лагерь ұйымдас­тыру­шылары жиын, тренд-сессия­лардан бөлек, тренинг, спорттық сайыс, ойындар өткізіп, уақытты тиімді пайдаланды. Ал соңғы күні қатысушылар аңызға айналған киелі Көкшенің Оқжетпесі мен Жұмбақтасына саяхаттап, Абылай хан аңғарын аралады.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл – тың ойлар айтылып, ұсыныс ен­гі­зілетін, барлық өңірден келген жас­отандықтардың саяси жағдайларға қа­тысты, сон­дай-ақ кәсіби білімін тереңдетуге мүмкіндік беретін талқылау алаңы.

Елбасымыз қазақстандықтар алдына үлкен стратегиялық мақсат қойды. Ол – кешенді жаң­ғыру бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарлама экономика, әлеумет, рухани сала, саяси жүйені қамтитыны белгілі. Негізгі мақсат – Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосу. Ал мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі артқан сайын ха­лықтың әл-ауқаты да жақсара түсетіні анық. Қазіргі заманда геосаяси жағдай тым күрделі. Сондықтан экономикасы мықты, ішкі саяси жағдайы тұрақты, ұлттық кодын сақтай білген елді ғана тәуелсіз мемлекет деп атауға болады. Бүгінде аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында партия бірнеше бастамаларды сәтті бастады.

Партия бастамасымен мың ІТ сынып ашу жоспарланып, қазір 400-ге жуығы жұмысын жүргізуде. ІТ сыныпта факультативті түрде ақысыз, халықаралық методикаға негізделген, робототехника, 3Д модельдеу туралы сабақ жүреді. Аптасына бірнеше рет өткізілетін факультатив сабақ информатика пәнін қайталамайды. Бұл – балаларды ХХІ ғасырда сұранысқа ие мамандыққа бейімдеудегі қадам. Олар кейін бұл саланы таңдамағанның өзінде идеясы мықты, креативті жастарды қалыптастыра аламыз. Бүгінде Қытай мен Франция секілді елдер осы жолмен жүріп келеді. Ал ересек адамдардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін 20 ІТ орталықты ашу жұмысын бастап кеттік. Сондай-ақ, кітапханаларда коворкинг орталықтар ашу, тренинг, кездесулер ұйымдастырып, жастардың қайнаған қызу ортасына айналдыру мақсатында жүйелі істер қолға алынуда.

Биыл «Жас Отан» жастар қанатының ІV съезі өтіп, өз тарихында алғаш рет орталық кеңес мүшелерінің онлайн-сайлауын өткізді. Жастардың әлеуметтік жағдайы мемлекет саясатында үлкен маңызға ие. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы және «Жас Отан» жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірнеше бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Бұл саяси лагерьдің де тың бастамаларға жол ашатынына сенімдімін.

Ал, жуырда ғана АҚШ-тың Гарвард университетінде білім алып келген танымал журналист Шыңғыс Мұқан болса болашақтың кілті – ағылшын тілінде екенін айтады. Осы тілді жетік меңгерген қазақтың жастары елімізді өркениетті елдердің сапына қоса алады деп есептейді ол.

 

Шыңғыс МҰҚАН, Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі, журналист:

- Әлемдегі ақпарат алудың негізгі көзі – ағылшын тілі. Тіпті жаһандағы ақпараттың 90 проценті ағылшын тілінде десек болады. Егер менен «мықты маман болудың сыры неде?» деп сұраса, ең бірінші «ағылшын тілі секілді білім алудың құралын меңгеруім» деп жауап берген болар едім.

Гарвардта оқып жүргенде «Мемлекет қалай дамиды? Америка қалай Америка, Жапония қалай Жапония болды? Дамудың нақты формуласы болса, неге Қазақстанда іске асырмаймыз?» деген сауалдың жауабын іздедім. Біраз дүниеге көзім жетті.

Мемлекеттің дамуы технологиямен тікелей байланысты. Ал технологияның дамуы үшке бөлінеді. Алғашқысы, ақпараттық білім, екіншісі – техника, үшіншісі – ноу-хау (know how – қалай істеуді білу).  Технологиялық дамуға қол жеткізу үшін ақпарат пен техниканы алып келу өте оңай. Ақпарат электронды түрде жеңіл тасымалданады, техниканы да шетелден әкелу қиын емес. Ал ноу-хауды бір жерден екіншісіне тасымалдай алмайсыз. Ол тек «бастан – басқа» өтеді. Қарапайым мысал, тіс емдеу технологиясын алайықшы. Кезінде тіс ауруынан адамдар жан тапсырған. Технология жетіле келе дантисттер тіс емдеу үшін білімді кітаптан алды, техниканы да басқа елден алдыртты. Енді осы біліммен тіс емдеуге бола ма? Болмайды. Ноу-хауды, қалай істеу керегін дантист әлі білмейді. Ол үшін тәжірбиелі маманнан жұмыс барысында қалай жасау керегін үйренуі қажет. Демек, дамыған елдер мен дамушы елдердің айырмашылығы ақпарат, техниканың жетіспеушілігінде емес. Мәселен, iPhone – 10 жасалса, екі күннен кейін-ақ Қазақстаннан табылады. Қазақстанның дамуына ноу-хау жетіспейді. Оны қалай аламыз? Айталық, ұялы телефонды қай ел шығарады, сол елден үйрену керек. Англияда индустриялық революция орнаған кезде барлық адам сауатты болмаған. Тек жұмысшылар қалай жасауды білген. Қытайда алпауыт зауыттарымен танымал қалалар бар. Жұмыс күші арзан болғандықтан, сол зауыттарда Аррle сынды компаниялар техника шығарды. Есесіне, қытайлықтар білімі болмаса да, телефон құрастыруды үйреніп алды.

Жастар, бастысы, ағылшын тілін үйреніңіздер. Екінші, «қай сала бойынша шетелде білім аламын» деп ойланыңыздар. Үшінші, тек білім алмаңыз, ақпаратты елде жүріп те алуға болады, ноу-хау үйреніңіз. Тіпті, шетелде сол үшін 4-5 жыл жұмыс істеуге болады. Бірақ үйренген соң туған елге қайта оралыңыздар.

Жалпы, 1 аптаға созылған саяси лагерь барысында жастар көп тәжірибе жинады деп сеніммен айтуға болады. Олар білікті мамандардан түрлі тақырыптарда дәріс алды. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару, кәсіпті жүргізу, журналистика, IT салалары бойынша семинар-тренингтер өтті. Ал, осы акцияны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген «Жас Отан» жастар қанатының жетекшілері болса енді қоғамдық бірлестіктермен серіктестік орнатып, жастардың белсенділігін арттыруды қолға алмақшы.

Қасиетті домбыра акциясын біз «Жас ұлан» жасөспірімдер және балалар ұйымдарымен жасаймыз. Ал біздің шығамршылық, спорт және де бизнестегі жастар арқылы біз өзіміздің «Бизнесментор» жобамызды қазіргі таңда модернизация жасап жатқан кітапханаларда өткізу сияқты қолға алынған», - дейді «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Қайырбек.

Шыңғыс Мұқан айтқандай, болашақтың кілті ағылшын тілін меңгерген дарынды жастардың қолында. Бұл дәлелді қажет етпейтін аксиома. Өскелең ұрпақ әлем тіліне айналған осынау тілді толықтай меңгеріп алған кезде ғана біздің жастар бәсекеге қабілетті бола алады. Осыны ескерген «Нұр Отан» партиясы қыркүйек айының аяғында «English for jastar» жобасын іске қоспақшы. Жоба аясында қаладан бастап шалғай ауылдардағы жастардың барлығына ағылшын тілінің негіздері үйретілетін болады. Бұл үшін тілді жетік меңгерген 500-ден астам жас жұмыс істеуге кірісіп кетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары