Бүгін ҚР Премьер министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Қоғамдық даму министрі еңбекке құлықсыз жастарды (NEET – not in education, employment or training) әлеуметтендіру және жұмыспен қамтуға бағытталған жаңа жол картасын таныстырды. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде не оқу оқымайтын, не жұмыс істемейтін 300 мыңға жуық жас азамат бар екен. Жаңа жоба аясында үкімет олардың белсенділігін арттырып, Қазақстан экономикасы үшін жұмыс істеуге тартпақ.
Жол картасы 18-29 жас аралығындағы «қиын» жастарды қамтитын болады. Яғни, оларды қажетінше оқытып, еңбекке араластыру жоспарланып отыр.
Министрдің айтуынша, егер мұндай жастармен жұмысты қазірден бастап жүргізбесек, олар тек экономикаға зиянын келтіріп қана қоймайды, сондай-ақ, қоғамдағы отбасылық құндылықтарға да кері әсері тиетін көрінеді. Мұндай мысалдар Батыс елдері мен Жапонияда бұған дейін болған дейді Дархан Қалетаев.
«Жастар өзінің жеке бірегейлігін табуға ұмтылады және қолданыстағы әлеуметтік құрылымда өздерін қолайлы сезіне бермейді. Осыдан суицидке бару, девианттылық, терең әлеуметтік жатсыну секілді проблемалар туындайды. Отбасы құндылықтарының бұзылуы орын алады», - деп атап өтті Қоғамдық даму министрі жаңа жол картасының таныстырылымы барысында.
Оның айтуынша, соңғы 20 жылда әлемдегі жастардың саны 139 миллион адамға артқан екен. Ал, жұмыспен қамтудың үлесі 35 миллион адамға кеміген. Бұл цифралар Халықаралық еңбек ұйымының 2017 жылы әзірлеген баяндамасында көрсетілген. Министр, яғни жастардың мінез-құлқына, көңіл-күйіне олардың жұмысқа тұра алмауы үлкен салдарын тигізетінін айтып отыр.
Елімізде NEET тізіміне кіретін жастар саны 300 мыңға жететінін бұған дейін айттық. Дегенмен, жұмыспен қамтылған жастар саны олардан әлденеше есеге көп – 2,1 миллион адамды құрайды. Және де, олардың саны жыл сайын артып, жұмыссыздар саны кеміп келеді екен.
Сонымен қатар, NEET тізіміне кіретін жастар саны да жыл сайын азайып отырғаны белгілі. Мәселен, әлеуметтендірудің ешбір әдістерімен қамтылмаған 14-тен 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 2001 жылғы 18,6%-ды құраса, биыл (2018 жылғы ІІ тоқсан) 7,7%-ға дейін кеміпті.
Жалпы, Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасы (NEET) 7 санат бойынша халыққа әлеуметтік-экономикалық көмек көрсететін болады. Атап айтар болсақ:
- асыраудағы адамдар;
- жас әйелдер;
- фрилансерлер;
- ауыл жастары;
- мүмкіндігі шектеулі адамдар;
- аз қамтылған отбасылардан шыққандар және жастардың бейәлеуметтік топтары (бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан, есірткі және ішімдікке тәуелді, оңалтудан өтіп жатқандар);
- жастардың бейәлеуметтік топтары.
Сонымен қатар, жол картасы аясында үш түрлі жас мөлшерінде жастарды қамту жоспарланған, олар: кіші жас тобы — 18-ден 22 жасқа дейін, орта жастағы кіші топ — 22-ден 24 жасқа дейін, ересек жастағы кіші топ — 25-тен 29 жасқа дейін.
Жаңа жол картасының мазмұнын тыңдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев оны бірауыздан мақұлдады және жүзеге асыруға рұқсат берді. Демек, биылдан бастап еліміздегі NEET санатына жататын жастармен мемлекет жұмысты күшейтетін болады.
Қазақстан тәуелсіздігін кеше ғана алған ел болғандықтан, осындай «қиын» жастар проблемасымен енді ғана бетпе-бет келіп отыр. Бұған дейін КСРО құрамында болған кезде елде «жатыпішерлер» болмаған еді деп сеніммен айта аламыз. Өйткені, компартия ешкімді бос жатқызған жоқ. Жастарды міндеттеп оқытты, оқуын бітіргендер мен оқуға түсе алмағандарды түгелдей жұмыспен қамтыды. Бос жүрген ешкім болмады қысқасы. Ал, қазір тәуелсіз елміз, нарықтық заманда өмір сүріп жатырмыз. Өркениетті елдер қатарына қосыламыз десек әлемнің дамыған мемлекеттері жүріп өткен жолмен қанша қиын болса да біз жүріп өтуіміз керек.
Дамыған елдер туралы бекер мәселе көтеріп отырғанымыз жоқ. Бұл елдер NEET санатына жататын жастармен қалай жұмыс істеп жатыр, бұл проблеманы қалай шешуде, сол туралы азды-кем ақпаратпен бөліссек…
Ең алғаш рет NEET термині ХХ ғасырда Англияда қолданысқа енді. Мұнан кейін бүкіл Еуропа елдеріне тарап, артынша Жапония мен Оңтүстік Корея елдерінде кеңінен қолданыла бастады. Өйткені, Азияның дәл осы екі алпауыты жалқау жастармен бұрыннан күресіп келеді. Өз тілдерінде оларды «хикикомори» деп те атайды екен. Мұндай топтағы жастар әдетте ата-анасының немесе өзге жақын туыстарының «мойнында отырады».
Еуропа елдері болса NEET жастарын еңбекке тарту жұмыстарын қатаң жүргізіп келеді. Өйткені, «кәрі құрлықтың» батысында да, шығысында да жағдай мәз емес. Мәселен, әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде қатты зардап шеккен Грекия, Испания, Италия секілді елдерде жастар атааналарын былай қойғанда, зейнеттегі аталары мен әжелерінің зейнетақысына күнелтуді де әдетке айналдырыпты. Осы ретте сандарға бір көз жүгіртсек…
Бүгінде әлемде 15 пен 24 жас аралығында 1,2 миллиард адам бар. Олардың 375 миллионы еш жерде оқымаған және жұмыс та істемейді, яғни NEET санатына кіретін жастар.
Жалпы Еуропада жастар арасындағы жұмыссыздық 2017 жылы 22,8 пайызды құрапты. Ең қорқынышты статистика Испания мен Грекияға тиесілі. Алғашқысында жастардың 53,2 пайызы жұмыссыз болса, Грекияда бұл көрсеткіш 53,3 пайызға тең.
Осылайша, жастардың жұмыссыздығы салдарынан Еуропа экономикасы бір жылда 153 миллиард еуро шығынға батты. Бұл қаражат құрлықтағы 13 941 264 жас азаматты асырауға жұмсалған.
Демек, Қазақстан үкіметі мәселені дер кезінде көтеріп отыр деп айтуға толықтай негіз бар. Елде қазір NEET санатына кіретін 300 мыңдай жас бар екен. Иә, өзге елдермен салыстырғанда бұл үлкен көрсеткіш емес шығар, бірақ қазірден бастап оларды экономика үшін жұмыс істеуге тартпасақ, ертең Еуропадағыдай экономикамыз сол жастарды асыраумен-ақ миллиардтап шығынға ұшырайды. Ол анық. Сондықтан, Әлеуметтендіру және жұмыспен қамтуға бағытталған жаңа жол картасын жүзеге асыруға жалғыз Қалетаев басқаратын министрлік емес, барлық министрлік пен бүкіл облыс әкімдіктері жұмыла атсалысуы керек сияқты.
Айтпақшы, аталған жол картасы негізгі 10 бағыт бойынша кешенді жүзеге асатынын айта кетейік. Олар:
Кәсіптік бағдар: кәсіпті таңдау бойынша жастар үшін консультациялық орталықтарды құру; болашақтағы перспективалық кәсіптер туралы жастарды бағдарлау үшін функционалдық шолулар өткізу. Техникалық және кәсіптік білім беруді жолға қою: қосарлы білім тиімділігін арттыру; инженерлік кадрларды дайындауды есепке алып колледждерде құзыреттілік орталықтарын құру. Жастарды мемлекеттік қолдау және дамыту шаралары туралы жастарды ақпараттандыру деңгейін арттыру: еңбек нарығында жастардың тарапынан сұраныс және ұсыныс картасын әзірлеу; бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру тәжірибесін жалғастыру; ақпараттық науқан мен қоғамдық тыңдауларды жүргізу. Жастар кәсіпкерлігін дамыту: жастардың жобаларын бизнес-жоспарды ұсынған кезде мемлекеттік гранттық қаржыландыру мәселесін енгізу. Әскери-патриоттық тәрбие. Жастар ресурстық орталықтарының қызметтерін жетілдіру. Тұрғын үй мәселесін шешу: жастардың тұрғын үй кооперативтерін құру; Алматы қаласының тәжірибесін негізге ала отырып, өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын құру. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және гранттық қаржыландыру құралдарын бейімдеу: балаларды тастап кетуге жол бермеу үшін жалғыз басты жас аналарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлу. Әдістемелер мен заңнамаларды жетілдіру: еңбек заңнамасына NEET түсінігін нормативтік-құқықтық бекіту мүмкіндігін қарастыру; NEET жастар бойынша мақсатты зерттеулер жүргізу; «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйе шеңберінде NEET санатындағы жастарды есепке алу жүйесін ұйымдастыру; NEET жастардың негізгі әлеуметтік бейнесін анықтау мақсатында диагностикалық және мониторингтік әлеуметтік зерттеулер жүргізу. Салауатты өмір салты: жастардың көп жиналатын орындарында воркаут-алаңдарын жоспарлау.Салтанат Нұртай