03.10.2018, 16:13

«Шебер» ісмерлерді дайындауда

Шілде айында Орал қаласындағы балалар үйінің түлектеріне арналған «Шебер» жобасы басталған еді. Жоба аясында балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері іс тігумен қатар, бизнес бастаудың теориясын да үйренуде.

Аталмыш жоба балалар үйі түлектерінің «Нұр» қоғамдық бірлестігі мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобалар даму қорының қолдауымен жүзеге асты. «Samruk-Kazyna Trust» қоры бұл бастамаға қаржылық қолдау көрсетіп қана қоймай, менеджерлері жобаны жүзеге асырудың алғашқы қадамдарына кеңес берген. «Шебер» жобасы әлеуметтік кәсіпкерліктің халықаралық жобалар негізіндегі тәжірибелеріне сүйеніп жасалған.

- Бұл жоба балалар үйі түлектерінің жұмысқа орналасуына жағдай жасап, шағын кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Сонымен қоса биыл «ӘРEKET» әлеуметтік-кәсіпкерлік жобасын жүзеге асырудамыз. Жобаға тоғыз аймақтан 265 өкіл қатысты. Нәтижесінде 104 жоба үздік шығып, грант негізінде өз істерін бастады,- дейді «Samruk-Kazyna Trust» Қорының басқарма директоры Мирас Іргебаев.

- Біздің мүмкіндігімізге сеніп қолдау білдірген «Samruk-Kazyna Trust» қорына алғыс айтамыз. Бүгінгі күні балалар үйінің түлектеріне іс тігуден 80 сағат өндірістік-тәжірибелік сабақ өткіздік. Осы аралықта жас ісмерлеріміз балаларға арналған 200-ден астам төсек жабдықтарын тікті. Оралдағы балалар ауылының тәрбиеленушілеріне былғарыдан ойыншық жасау әдісі бойынша екі шеберлік сағатын ұйымдастырдық. Олардың іс тігіп, киім пішіп үйренуімен қатар, өздерін дамыту үшін жағдай жасаймыз. Біз сонымен қатар, балалардың өз қолдарымен жасаған жұмыстарын тұрғындарға жарнамалаймыз. Мысалы, шеберлік сағатында дайындаған 50 бұйымды Оралдағы қолөнершілер жәрмеңкесінде саудаладық. Бұл бұйымдардың сапасы жоғары болғандықтан, барлығы сатылып кетті. Сатылымнан түскен қаржыны қаладағы аз қамтылған үш отбасының балаларына мектеп құралдарын алып бердік,- дейді жоба жетекшісі Геннадий Франк.

Ернар ХАЙДАР