$ 498.34  519.72  4.85

Жаңа қойма астық қабылдамақ

Ақ Жайық өңірінде дән сақтау қоймаларының саны артып келеді. Таяуда Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округінің Пойма ауылында элеватор ашылды.

Айта кетейік, бұрындары «Яик» деп аталған бұл кәсіпорын түрлі жағдайларға байланысты жабылып қалған еді. Осы ауылдағы Теректі май комбинатын қайта ашқан «БелесАгро» компаниялар тобы бұл элеваторға да екінші тыныс сыйлап отыр.

«Пойма-Астық» деген атау алған кәсіпорын «Астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету лицензиясы» құжатын алды. Мұндай құжатты аталмыш кәсіпорынның дән сақтау қоймасының заңды талапқа сай, дән кептіретін және өзге де жабдықтарының бар екендігін жіті қараған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берді. Сөйтіп жаңа кәсіпорын биылғы жылдың өнімін қабылдап алуға дайын.

Енді Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі аудандарының диқандары егін алқаптарынан жиналған дәнді дақылдарды жаңа астық сақтау орнына тапсыра алды. Бұрын олар өз өнімдерін Орал қаласына таяқ тастам жердегі Желаев нан өнімдері комбинаты, «Белес» ЖШС-ның астық қабылдау орындарына өткізетін. Енді олар үшін жол шығынын біраз қысқартуға мүмкіндік туды.

Жаңа кәсіпорынның ашылуы облыстың дамуына және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына үлес қосады. Аталмыш басқарманың бөлім басшысы Кеңес Қайдашевтің хабарлауынша, бұл астық қабылдау кәсіпорны 33 мың тонна астықты сапалы сақтауға қауқарлы. Қазіргі уақытта облыста жалпы сыйымдылығы 534,6 мың тонна 9 астық қабылдау кәсіпорны өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қызмет көрсетеді.

 

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары