Қазіргі кезде әр қазақ тойды ерекше етіп өткізуді сәнге айналдырған. Үйлену тойында бірі келінді мейрамханаға қымбат маркалы автокөлікпен әкелсе, өзгелері басқа да ырымдарды жасап әлек болады. Мәселен, Instagram әлеуметтік желісіндегі топтардың бірінде жас келінге той үстінде шелпек пісірткен видео жарияланды.
Ақ көйлек киген келін тойға келген қонақтардың алдында шелпек пісіреді. Бұл бейнежазба еліміздің қай өңірінде түсірілгені белгісіз. Алайда, желі қолданушылары той үстінде келінге шелпек пісірткендерді сынға алды.
Олар қазақта мұндай дәстүр не ырым жоқ екенін айтып, өзге ұлттың салтын қайталады деп айыптады. Ал кейбіреулері болса, той көйлегімен қазанда шелпек пісірген жас келінді аяп кеткендерін жазуда.